СЫРДАРИЯДА ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ТОЙЛАНДЫ

352

0

Фото: ашық дереккөз

Бүгін Сырдария ауданы орталығы Тереңөзек кентінде Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Жаңа жыл мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, «Наурыз – мереке бастауы» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жиналғандарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Құттықтау сөзінде: «Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Осы ретте ерекше атап өтуіміз керек, былтырғы жылы облыс бойынша «Үздік аудан» атанған Сырдария ауданы биылғы Наурыз мерекесін ерекше көңіл-күймен қарсы алуда.

СЫРДАРИЯДА ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ТОЙЛАНДЫ

Аудан орталығы мен ауылдардың да келбеті жыл санап көркейіп келеді. Мұның бәрі – біздің бірлесе атқарған жұмыстарымыздың жемісі. Күні кеше өткен сайлауда да аудан халқы бекем бірліктің, көркем тірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Ұлыстың ұлы күні әр отбасына шаттық, мол ырыс, ынтымақ әкелсін. Татулығы жарасқан елдің тұғыры биік болсын! Баршамызға Наурыз мерекесі құтты болсын– деді аудан басшысы.

Мерекелік іс-шара барысында қазақы үлгіде безендірілген киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрмелер мен спорттық сайыстар ұйымдастырылып, атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер дәріптелді. Көпшілікке алтыбақан құрылып, жергілікті кәсіпкерлер сауда қатарларын ұйымдастырды.

Наурыз мейрамына жиналғандар мерекенің басты тағамы наурыз көжеден ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілектерін арнады. Әсем әндерді әуелете шырқаған көркемөнерпаздар аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<