Сырдариядағы рұқсатсыз қазба жұмыстары экологиялық апатқа апарып соғуы мүмкін

278

0

Фото: pixabay.com

Рұқсатсыз қазба жұмыстары салдарынан Сырдария мен басқа да өзендердің арнасы бұзылып, суы тартылып барады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде депутат Бас прокурор Берік Асыловқа, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке сауал жолдады.

«Түркістан өңірінде 60-қа жуық өзен бар, ал Сырдария – трансшекаралық республикалық маңызы бар стратегиялық өзен. Еліміздегі өзендердің маңыздылығына мән беріп, қаупін ескермейтін кәсіпкерлер белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеуіне кіріп, құм мен тас және өзге де пайдалы қазбаларды өндіріп, табиғатқа орасан залал келтіруде. Рұқсатсыз қазба жұмыстары салдарынан Сырдария мен басқа да өзендердің арнасы бұзылып, суы тартылып барады», – деді Қ.Балабиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, елімізге су ресурстарының 51 пайызы көрші мемлекеттерден келеді.

Оңтүстік өңірде жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес жүргізілгенімен, өзен жағалауындағы қазба жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.

«Қазір Сырдария өзенінің жағалауында 100-ден аса жер қойнауын пайдаланушы карьерлер жұмыс жүргізуде. Рұқсатсыз жүргізілген қазба жұмыстары кесірінен Сырдария мен Арыс жағаларында 70 гектарға дейін қазылған жерлер бар, ал Ақсу өзенінің табанынан тас алу кезінде 40 метр тереңдікте қазылған. Ғарыштық мониторинг кезінде өзендер жағасындағы аталған өзгерістердің орын алғаны анықталған. Өңірдегі басқа өзендер де осындай ауыр жағдайда болғандықтан құзырлы органдардың араласуын қажет етеді», – дейді депутат.

Қ.Балабиев өңірдегі стратегиялық маңызы бар Сырдария және де басқа да өзендер жағасында қазба жұмыстары осы қарқында жалғаса берсе, су құмға сіңіп, жақын болашақта сусыз қалу қаупі барын жеткізді.

«Онсыз да Сырдарияның өзенінің су деңгейінің төмендеуінен Аралға жетпей жатыр емес пе? Осы заңсыз әрекеттерге байланысты мазмұнды сұрақ туындайды – карьерлер жұмысы неліктен бетімен кеткен? Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін дұрыс атқарып отырса, бірде-бір заңсыз карьер болмас еді. Оларға тосқауыл қойып, рұқсатсыз әрекеттерін біржолата тоқтату керек. Осыған орай Сырдария және де басқа өзендерге экологиялық апаттқа ұшырау қаупі төнгенін ескеріп, сіздерден аталған мәселелерді шешуді сұраймын», – деді Қайрат Балабиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<