Сырдария ауданы – барлық сала бойынша аймақтағы қарышты дамып келе жатқан аудандардың бірі. Мәселен, 2023 жылы аудан бюджеті 9,7 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында аудан қазынасы 12 млрд теңгеден асқан. Тиісінше, аудан бюжетінің 65 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталды.
Сондай-ақ, аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп орындары былтыр 75,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім көрсеткіші 32,8 пайызды құрады. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 12,1 пайызға ұлғайған. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жоспарланған жұмыстардың қорытындысын БАҚ өкілдеріне баяндады.
– Өздеріңіз білетіндей, Сырдария – облыс орталығына жақын аудандардың бірі. Дегенмен, аудандағы әр салада айтарлық өсім көрсеткіші қалыптасып келеді. Атап айтқанда, ауданымыздың негізгі капиталына былтыр 65,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, былтыр 25088 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, құрылыс жұмыстарының көлемі 85,3 пайызға артты. Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығында да ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Нақтырақ айтқанда, аталған салада былтыр 27,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 2,9 пайызға артып отыр. Жалпы, былтыр ауданымызда 36 043 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ал, негізгі дақыл күріштің көлемі – 23 811 гектарды құрады. Егілген күріштің әр гектарынан 59,8 центнерден өнім алынып, барлығы 142 390 тонна астық қамбаға құйылды. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр әлеуметтік маңыздағы картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 1105 отбасына 359 гектар жер бөлініп берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Бақша дақылдарын егуде аудан жастары да қалыс қалған емес. Мәселен, былтыр Аманкелді, Жетікөл, Бесарық, А.Тоқмағамбетов елді мекендерінде жастар бригадасы құрылып, олар 60 гектар жерге бақша дақылдарын екті. Жастар бригадасы биыл да ауданымыздың аграрлық саласы өз үлестерін қосатын болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сырдариядағы мал шаруашылығы саласында да татымды тірлік бар. Сөзімізге дәлел болсын, өткен жылы аудандағы мүйізді ірі қара 3,7 пайызға, жылқы 7,2 пайызға, құс 2 пайызға, уақ мал саны 1,1 пайызға ұлғайды. Сәйкесінше, 2022 жылмен салыстырғанда ет, сүт, жұмыртқа өндірісінде өсім бар.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<