Сырдағы ұлттық рух салтанаты

505

0

Сырдағы ұлттық рух салтанаты Ұлт аспабы ұлықталып, қазақ өнерінің мәртебесін биіктеткен мереке Сыр сүлейлері аллеясынан бастау алды. «Рухқа ұран – домбыра» атты мерекелік шарада жүз домбырашы бір мезетте күй тартып, Түркештің «Көңілашар» күйіне Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымы» жалғасып, Қорқыт даласы күмбірлеген күйге тұнды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов көпшілікті Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл аспап қазақ елінің символы екенін айтты.

– Ұлттық домбыра күнін бекіту ұлт мәдениеті мен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту идея­сын одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Бұл іс-шараның форматы ұлттық аспапта ойнай алатын әуесқойлар мен кәсіби шеберлерді кеңінен қамтуды көздейді. Мұндай бейресми формат, төл фестиваль өнердің дамуына серпін беріп, еліміздің мәдени картасында елорда күніне орайластырылған айтулы музыкалық оқиға болмақ. Көмейінен күмбірлі күй төгілген қазақ аспабының күні енді дәстүрлі түрде жыл сайын аталып өтетін болады. Ұлт құндылығын жас ұрпақ жатсынбасын деген ниетіміз де, тілегіміз де бар, – деді Руслан Рүстемұлы.

Күй күмбіріне бөленген аллеядағы өнерпаздардың ең жасы – жетіде. Баба дәстүрін бүгінгі бейбіт елдің балалары жалғастырып, домбыра шанағынан Сүгір, Әлшекей, Шал Мырза, Қазанғап күйі төгіліп, сахнада ұлттық рух салтанат құрды.

Домбыра күні – халықтың рухани сұранысына сәйкес келген мереке. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын темірқазық етіп, елдің санасына сіңіру үшін бұл шараны жыл сайын атап өтуді бекітті. Аймақтық «Рухани жаңғыру» ор­талығының жетекшісі Нұрлыбек Мыңжас елді тек саяси мүдде, саяси идея, оқиғалар емес, ұлттық өнер де ұйыстыра алатынын айтады. «Енді біз домбыраға ерекше көзқараспен қарауымыз керек» дейді ол.

 – Елімізде орындаушылық өнер жақсы дамыған. Біз енді тыңдаушы аудиторияны дайындауымыз керек. «Әрбір күй неден шықты, кім шығарды» деген ақпарат шолақ болған соң кейбір жасөспірімдер күйді ырғағынан ұғып, жете түсіне алмайды. Айталық, Құрманғазының «Кісен ашқан» күйінің, «Нар идіргеннің» неден туындағанын білмейтіндер бар. Тыңдаушы әрбір күй мен жырдың тарихынан хабардар болса ғана ұлттық өнер өлмейді. Сондықтан бұл мерекені ұлтқа деген жанашырлық, киелі өнерге деген құрмет деп есептеймін, – дейді ол.

Мерекелік кеште «Нұртуған­ның термесін» орындаған жырау Шолпан Биімбетова:

– Домбыра – ұлтпен бірге жасайтын аспап. Біз ше телге шыққанда ұлттық өнерімізді, өзіміздің кім екенімізді домбыра арқылы таныта аламыз. Қорқыттың елінде домбыра шертіп көрмеген жан жоқ деп ойлаймын, сондықтан сүлейлердің мекені – Сырда «төріңде жырау жырласын» деген ізгі тілек бар, – дейді.

Шараға домбырашылар Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазан­ғап атындағы музыкалық колледж және қалалық мектептерден жиналған. Солардың арасынан он-он бір жастағы Нұрғиса, Мәрияш Сәтбаймен тілдестік. Бір жыл бұрын мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесіне жазылған бір үйдің балалары бүгінде онға жуық күй тарта алады екен. Демек, ұлттық аспапты үйрену балаға да ауыр емес. «Менің атым Нұрғиса болған соң домбыраны міндетті түрде үйренгім келді» дейді кішкентай Нұрғиса. 

Расымен, заман өзгереді, бірақ ұлт мәдениеті дәуірден-дәуірге өтеді. Елдің сан тараулы тарихы, ұлт ұпайын түгелдеген тұлғалар да жыл өткен сайын қайта жаңғырады. Соның айқын дәлелі – ұлт рухын көтерген, Алаш мұрасының абыройын биіктеткен «Ұлттық домбыра күні» болмақ.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<