Сырдың саңлақ ұланына лайықты құрмет көрсетілді

132

0

Сырдың үздік ұланына лайықты сый жасалды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали мен жеке бапкері Ғабиден Райымбекке алқалы жиында құрмет көрсетті. Тарихи жеңіс тіркеген Әлем чемпионын құттықтауға арналған басқосуға облыстың зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар мен жергілікті спортшылар қатысты.

Сыр елінің ғана емес, күллі қазақтың мерейін өсірген сақа спортшыға аймақ басшысы жылы лебізін білдірді.

– Бүгін – біздің өңіріміз үшін ерекше қуанышты күн. Спорт әлеміндегі биік белесті бағын­дырып, Тәуелсіз Қазақ­ста­ны­мыздың атын төрткүл дүниеге танытқан жерлесіміз, мақта­ны­шымыз Айдос Сұлтан­ғалиұлын грек-рим күре­сінен Әлем чемпионы атануы­мен құттықтау үшін арнайы бас қостық.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бір­лігін нығайтатын маңызды фактор» деп ерекше атап өткен болатын.

Айдос Сұлтанғалиұлы жақында Хорватия астанасы Загреб қала­сында өткен ересектер арасындағы грек-рим күресінен Әлем чем­пионатында араға 26 жыл салып, қазақ спорты тарихындағы тең­дессіз жетістікке қол жеткізді. Осы тарихи жеңіс барша қазақ елінің, Сыр жұртшылығының мерейін үстем етті.

Грек-рим күресінен Әлем чемпионатының алтын медалін елімізге соңғы рет 1999 жылы Грекияның Афины қаласында өткен дүбірлі додада Мхитар Манукян (63 кг) алып келген бола­тын. Араға ширек ғасыр салып, жерлесіміз Айдос Сұлтанғали әлемдік аренада топ жарды.

Чемпионымызды Мемлекет бас­шысы арнайы құттықтап «Айдос – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз» деп жоғары бағалады.

Бұл жеңіс – жас балуан­дары­мызға үлгі-өнеге, еліміздің спор­тына серпін беретін жоғары жетістік.

Айдос бауырымыздың жеңісіне бапкері Ғабиден Райымбекұлының сіңірген еңбегі зор. Ол тек спорт­шыны емес, нағыз батыр азаматты тәрбиелеп шығарды. Шәкіртінің әрбір жеңісі бапкерінің маңдай терінің жемісі деп санаймыз.

Бүгінгі мерейлі сәтте барша Сыр жұртшылығының атынан Айдос бауырымызға, бапкері Ғабиденге жаңа пәтер кілттерін, «Қор» мұнай компаниясының қолдауымен су жаңа автокөліктің кілтін табыстауға рұқсат етіңіздер.

Айдосқа бұған дейін де мемлекет, облыс тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы еліміздің, өңіріміздің жанашыр аза­маты Бақдәулет Еркін­бек­ұлы­ның демеушілігімен автокөлік табыс­талған. Бұдан бөлек, ай сайын 1 млн теңге мемлекеттік сти­пен­дия беріледі. Бұл қолдау әрі қа­рай жалғасады. Біз батырымызды әр­дайым бабында болуы үшін қол­дап, қорғауымыз керек. Алдағы Олим­пиада ойындарында жеңіс тұғы­рынан көрінуіне жан-жақты жағдай жасаймыз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыстық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Серік Дүй­сенбаев, Қазақстан Респуб­лика­сы­ның еңбек сіңірген жаттық­тыру­шы­сы Жұмағали Киікбаев сөз сөй­леп, құттықтау лебіздерін жеткізді.

Басқосуда сөз алған грек-рим күресінен Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген жаттық­тырушысы, «Денешынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Ғабиден Райымбек, грек-рим күре­сінен спорт шебері, Қазақстан Рес­публикасы ұлттық құрама коман­дасының мүшесі, рес­публи­калық, халықаралық жарыстардың бірне­ше дүркін жеңімпазы, Әлем чем­пионы Айдос Сұлтанғалиұлы көр­се­тілген құрметке алғыс білдірді.

Еске салайық, өңірде спорт сала­сын дамыту бағытында ау­қым­ды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылды. Кейінгі 3 жылда 20 спорт кешені пайдалануға беріл­ді, биыл тағы 6 нысан ел игілігіне табысталады.

«СБ» ақпарат