Сырдың спорттық даңқы жаңа стадионда жаңғырады

222

0

Былтыр Қызылорда қаласының сол жағалауында қазығы қағылып, енді екі күнде елдің игілігіне айналатын «Қайсар-арена» стадионының ашылуы Қазақстан футболы тарихындағы ерекше оқиғаның біріне айналғалы тұр. Тәуелсіз Қазақстанда бұл спорттық нысан жаңадан бой көтерген үшінші стадион болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жаңа стадиондар салу мәселесін Сыр өңірі алғашқы болып жүзеге асырды. Бұл – биыл Қазақ елінің алғашқы астанасы мәртебесіне ие болғанына 100 жыл толған Қызылорда қаласының мерейтойына айрықша тарту.

Кейінгі жылдары ел футболы тарихында ерекше оқиғалар болып жатыр. Биыл алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіне дейін жетті. Күні кеше жарыстың осы сатысында әлемге әйгілі «Реал Мадрид» секілді алпауыт клубпен өз алаңында шеберлік байқасты. Алдағы уақытта дәл осындай биіктіктен қызыл­ордалық «Қайсар» да көрінеді деген сенімдеміз.

Кейінгі жылдары ел футболы тарихында ерекше оқиғалар болып жатыр. Биыл алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіне дейін жетті. Күні кеше жарыстың осы сатысында әлемге әйгілі «Реал Мадрид» секілді алпа­уыт клубпен өз алаңында ше­берлік байқасты. Алдағы уақыт­та дәл осындай биіктіктен қызыл­орда­лық «Қайсар» да көрінеді деген сенімдеміз.

Жергілікті «Қайсар» коман­дасының құрылғанына алпыс жылға жуықтады. Қай кезде де облыс басшылығы тарапынан клубқа қолдау көрсетіледі. Қазірге дейін елдің игілігіне айналып жүрген «Локомотив» және Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион өз қызметін атқарып келеді. Дегенмен заман талабына сай жаңа стадион салу мәселесі күн тәртібіне шығып, жанкүйерлердің ұсы­нысы облыс басшылығынан қол­дау тапты. Осылайша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың табандылығымен былтыр жаңа аренаның іргетасы қаланды.

Алғашқыда 7 мың адамға арналған спорттық нысан қайта талқылау барысында тағы 4 мың адамға ұлғайтылды. Осылайша жобаға түзету енгізіліп, спорт­тық нысан 11 мың адамды қа­был­дауға мүмкіндік ту­ды. Бұрын жан­күйерлер стадион­ның екі жағында оты­рады деп жоспарланған еді. Енді екі қақ­паның артында да екі мың­нан жан­күйерге арналған орындар орналасты.

Жаңа стадион үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады. Ендігі мақсат – онда халық­аралық деңгейде ойындар өткізу. Оған толықтай сай келеді. Ғима­рат­тың іш­кі бөлігінде тоғыз спорт залы, түрлі үйір­мелер орналасады. Ол орындар жас өрен­дердің тыңғылықты дайындық жасауына үлкен мүмкіндік.

Жанкүйерге арналған орындардың төбесі металл шатырмен жабылған. Бұл жөнінен стадионды салған «Нұрлы тау» компаниясының мол тәжірибесі бар. Көп жылдан бері металл құрылғыларын жасаумен айна­лысқан олар бұл жұмысты өз деңгейінде атқарып шықты. Три­бунаның биіктігі мен жан­күйер орны еуропалық стан­дарт­қа сай келеді. Стадионға келген әрбір адам еш кедергісіз ойынды тамашалай алады. Бұ­рынғы стадиондағы секілді шатыр тіреулері жоқ. Бұл адам­ға жайлы. Металл құрылғының бар­лығы жергілікті жерде да­йындалған. Жан­күйерге қо­лай­лы болу үшін екі табло қо­йылады. Сол арқылы ста­­дион­­ға ке­лушілер көбірек ақ­па­рат алады. Оған қоса әрбір орын­дық­қа нөмір жазылады.

UEFA талабы бойынша ста­дион айналасында 1000 авто­көлікке арналған тұрақтың болуы ескерілген. Ал солтүстік трибуна жағынан серуендеуге арналған аллея іске қосылады. Онда түрлі ағаш пен гүлдер егіледі. Бұл көпшілік үшін жай­лы орынның бірі болмақ. Оңтүстік және солтүстік трибуна аралығында кафе мен жеңіл тамақтар сататын орындар бар.

Алғашқыда стадион UEFA-ның үшін­ші санатына сай салынатыны ай­тыл­ған. Десе де онда жанкүйерлер оты­ра­тын орындықтар саны артып, алаң, жарықтандыру және өзге де талаптар халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестен­дірілді. Облыс­тық денешынық­тыру, спорт және туризм басқармасының хабарлауынша, спорттық нысан төртінші санатқа сәйкес сертификатталды. Енді онда UEFA-ның жоғары деңгейдегі барлық ойынын өткізуге мүмкіндік бар.

Сонымен 4 қазанда жаңа стадион Қа­зақстан кубогы фи­налындағы «Орда­басы» және «Тобыл» кездесуімен ашылады. Ол  алғашқы әрі ірі спорттық ша­ра­ның бірі болмақ.

Бет қатталып жатқанда сү­йін­­ші хабар келіп жетті. Жаңа стадион FIFA тестілеуінен өтіп, жоғары деңгейлі «QUALITY PRO» сертификатына ие болды. Заманауи үлгіде салынған спорттық нысанда енді жоғары деңгейдегі матчтар өткізуге толық мүмкіндік бар.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»