Сырға серпін сыйлаған

7

0

Кейде уақыттың өзі сөйлейді. Артық сөзді қажет етпей, атқарылған істің салмағын, өзгерістің ауқымын, еңбектің нәтижесін үнсіз-ақ айқындап тұрады. Ондай сәтте құрғақ есептен гөрі елдің көңілі, жұрттың бағасы, көзбен көрген өзгеріс әлдеқайда шынайы өлшемге айналады.

Қызылорда облысында кейінгі төрт жылда қалыптасқан ахуал дәл осындай кезеңнің көрінісі. Бұл – жай ғана даму емес, бұл бағыттың айқындалуы, сенімнің нығаюы, ілгерілеудің жүйелі сипат алуы. Осы өзгерістердің қайнарында өңір тізгінін ұстаған Сырдың төл перзенті Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың басқарушылық ұстанымы мен елге қызмет етудегі табанды еңбегі жатқанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Төрт жыл бұрын, 7 сәуірде Мем­лекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қы­зылорда облы­сының әкімі болып тағайындалып, Сыр жұртшылығы жаңа кезеңге үлкен үмітпен қадам басқан еді. Сол үміт бүгін нақты нәтижеге айналды. Өңірдің эконо­микалық тынысы кеңейіп, әлеуметтік келбеті жаңа­рып, халықтың ертеңге деген сенімі нығая түсті. Кейде тек жоспар ретінде айтылатын бас­тамалар бүгінде нақты іске асып, ел мерейін көріп отыр. Бұл дегеніміз – бас­қарудағы жүйеліліктің, сөз бен істің бір арнада тоғысуының айқын көрінісі.

Сараптап отырсам, еліміз тәуел­сіздік алып, әлемдік кеңістікке қадам басқан ал­ғашқы жылдар Қазақ­станның барлық өңірі үшін күрделі сынақ кезеңі болғаны анық. Сол сын сағатта Қызылорда облысын бас­қарған әкімдер де өтпелі дәуірдің ауырт­па­лығын еңсеріп, аймақтың әлеуметтік-эко­­номикалық ахуалын тұ­рақ­­тан­дыру жолында хал-қаді­рін­ше аян­бай еңбек етті. Тәуел­сіздік жыл­дарынан бері Сыр өңірін тоғыз әкім бас­қарса, бү­гінде осы жауап­ты мін­детті мерейлі онын­шы әкім ре­тінде Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев абы­рой­­мен атқарып келе­ді.

Ел үшін аян­бай еңбек еткен аза­матқа халықтың ықыласы мен елдің ризашы­лығынан асқан баға жоқ, ал Мемлекет басшысының сенімі мен оң бағасы – сол еңбектің дұрыс бағытта екенінің айқын дәлелі әрі алдағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға күш-жігер беретін маңызды фактор. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың атқарған жұмысы Мемлекет бас­шысы тарапынан бірнеше мәрте жо­ғары бағаланып келеді. Атап айт­қанда, 2023 жылғы 10 қазанда, 2025 жылғы 30 қазанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапар­лары­ның бары­сында өңірдің әлеу­меттік-эко­номи­калық даму қарқы­нына оң баға беріп, жұртшылықпен кездесуінде облыс­тың ілгері дамып келе жат­қанына ерекше тоқталып өтіп, аймақ басшысының еңбегіне ризашылығын білдірді. Бұл қолдау 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да өз жалғасын тауып, Президентіміз Сыр өңірінің кейінгі жылдары заман талабына сай өсіп-өркендеп келе жатқанын, ішкі жалпы өнімнің 6,5 пайызға артқанын, үш жыл ішінде өңірге 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, бірқатар ірі жоба­ның жүзеге асқанына тоқ­талды. Әсіресе, стратегиялық маңызы бар жаңа жылу-электр орталығының іске қосылуы, халықтың сапалы ауызсумен толық қамтылуы, газдандыру деңгейінің артуы, автожол, әуе және теміржол инфрақұры­лымының жаң­ғыртылуы, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы мен теміржол вокзалының жаңаруы, сондай-ақ 200-ден астам білім, мәдениет, спорт және медицина нысан­дары­ның салынуы өңірдің жан-жақты дамуы­ның нақты көрінісі ретінде бағаланды. Нәти­жесінде, Мем­­лекет басшысы Қызыл­орда облы­сы­ның барлық салада қарқынды да­мып келе жатқанын атап өтіп, осы же­тістіктерді Нұрлыбек Машбек­ұлы­­ның белсенді әрі табанды жұмы­сының жемісі ретінде жоғары бағалады.

Аймақ басшысының Президен­тіміздің тапсырмасына сәйкес, Үкі­меттің қол­дауы­мен атқарған ауқымды еңбегін тарата айтып, әр саланы жеке-жеке талдап шығу бұл жазбаның көлеміне сыймасы анық, дегенмен нақты нәтиженің айқын көрінісі ретінде бір ғана облыс бюджетінің өсіміне назар аудар­сақ та жеткілікті. Нұрлыбек Машбекұлы қызметке кіріскен тұста, яғни 2022 жылдың сәуірінде облыс бюджеті 391,4 млрд теңгені құраса, 2023 жылы осы көрсеткіш 609 млрд тең­геге, 2024 жылы 749,3 млрд теңгеге, 2025 жылы 809,1 млрд теңгеге дейін ұлғайып, ал 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 728,2 млрд теңгені құрап отыр, сәйкесінше 2022 жылмен салыстырғанда өсім 2023 жылы 155, 2024 жылы 191, 2025 жылы 206, ал 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бо­йынша 186 пайызды көрсетіп отыр. Бұл – жай ғана сандар тізбегі емес, оның әрбірінің ар жағында өңірдің өркендеуіне бағытталған мемле­кеттің жүйелі саясаты, тынымсыз еңбек пен нақты нәтижеге негізделген басқарушылық шешімдер тұрғаны­ның айқын дәлелі.

Қазіргі уақытта өңірде барлық сала бойынша жүзеге асырылып жат­қан жобалар мен құрылыс жұмыстары аз емес, дегенмен олардың ішінен 2026 жылы іске асырылатын ең маңызды бастамаларға тоқтала кет­кен жөн болар. Мемлекет басшы­сының тап­сырмасы аясында Үкімет­тің қолдауымен өңірде соңғы жылдары бірқатар маңызды нысандар салынды және жаңа жобалар жүзеге асуда. Осы ретте, Президентіміздің аймағымызға Ұлттық Құрыл­тайда келген сапарында Қызылорда қала­сынан Прези­денттік кітап­хана ашу, жаңа драма театр мен 500 орындық емхана және 200 орын­дық перзент­хана салу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлі­зінің «Қызылорда-Ақ­төбе» арасын төрт жолақты етіп кеңейту, сондай-ақ «Бейнеу-Сек­сеуіл» жолының құрылысын бастауды тапсырды.

Бүгінде Мемлекет басшысының ел әлеуетін арттыруға бағытталған баста­маларын облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев аймақта ұтымды үйлестіріп, өңірдің іскер азамат­тарын маңызды жобалар аясындағы құрылыс жұмыстарын мерзі­мінен кешіктірмей сапалы жүргізуге жұмылдыруда, аталған істер өз кезегінде өңірдің экономи­калық және әлеуметтік дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

Әрине, мұндай өзгерістердің бәрі бір ғана көрсеткішпен өлшенбейді. Оның негізінде басқару мәдениеті, талапшылдық, жауапкершілік және ең бастысы халықпен сенімге құ­рылған ашық диалог жатыр. Нұрлыбек Машбекұлының жұмыс стиліндегі осы ерекшелік өңір дамуының басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Халық даналығында «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» – дейді. Бүгінгі Сыр өңіріндегі оң өзгерістер соны айтуға тұрарлық нағыз жетістік. Бұл бір адамның емес, тұтас елдің бірлескен еңбегі, бірақ сол еңбекті үйлестіре білген басшының орны әрқашан айрықша.

Қорыта айтқанда, төрт жыл – қалыптасу кезеңі емес, нәтижені көрсеткен, сенімді нығайтқан, бағытты айқындаған уақыт. Бұл кезең Сыр өңірін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, оның болашақ дамуына мызғымас, өшпес негіз қалап берді.

Алдағы уақытта да осы даму қарқыны сақталып, ел сеніп, үміт артқан Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев­тың бастауымен Қызыл­орда облысы жаңа белестерді бағын­дырып, бұдан да биік жетістіктерге жететініне жерлестеріміз кәміл сенеді.

Сырда сергек істер, халықшыл бастамалар көп болсын!

Руслан РҮСТЕМОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты