Сырттай бөлімге бұдан былай студенттер қабылданбайды

308

0

Онлайн режимде емтихан тапсыру енді өткеннің еншісінде. Бүгіннен бастап еліміздегі жоғары оқу орындары сырттай оқуға ешкімді қабылдамайды. Өйткені олар білім алу кезінде күндізгі оқу бағдарламасының тек 65 пайызын ғана меңгереді. Ал бұл өте аз. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі осы шешім арқылы мамандардың сапасын көтермек, – деп хабарлайды 24.kz.

Марат Башимов, еуропалық құқық және адам құқығы жөніндегі сараптамалық институт директоры:

 – Егер қолында дипломы бар маман жауапты қызметке келіп, қате шешім қабылдаса, ол адам өміріне қауіпті болуы мүмкін. Ұстаз болсын, инженер болсын айырмашылығы жоқ. Егер ол өз міндетін жетік білмесе, қоғамның дамуына кері әсер етеді. Дегенмен сырттай оқудың баламасы ретінде «part time» жүйесі қарастырылып жатыр. Оның ерекшелігі – оқу кестесі студенттің ыңғайына қарай қойылады. Мәселен, жұмыстан кейін немесе демалыс күндері. Бұл таңнан кешке дейін қолы босамайтындар үшін қолайлы болмақ. Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:  – Part-time жүйесі білім беру саласына өте қажет. Оған құқықтық актілер дайындалып жатыр. Осы бағдарлама бойынша оқығысы келетіндер қатары да артуда. Мұндағы басты талап, студенттер мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 100 пайыз білімнің 65 пайызын ғана емес, толық меңгеруі тиіс. Екіншіден қашықтан оқыту жүйесін қолға аламыз. Бәсекесі жоғары әрі нарық заманында өмір сүрген адам тек дипломымен ғана бағаланбайды. Сұранысқа сай маман болу үшін біліміңнің жетік болуы маңызды. Ал сол білімді беретін университтеттердің деңгейі енді түлеп ұшқан шәкірттерімен өлшенеді. Өйткені бүгінде қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын бітірген адамның өзі университет түлегінің алдын орап кететіні жасырын емес. 
Мәселен, тіл мектептері мен бухгалтерлік курстарды айтуға болады. Сергей Пен, М.Нәрікбаев атындағы ҚАЗМЗУ жоғары құқық мектебінің директоры:
 – Қолында IELTS немес TOEFL сертификаты бар адамның шет тілін меңгергеніне ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ бұл сертификаттарды жоғары оқу орны емес, осы бағдарламаны құрастырған Британдық кеңес береді. Яғни қандай да бір жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде диплом керек емес. Бастысы сенің білімнің жеткілікті екенін дәлелдейтін құжат болса жетіп жатыр. Бұл – жоғары оқу орындары үшін үлкен бәсеке. Сондай-ақ оқу төлемақысының көлемі мен білім қызметтерін көрсету шартының формасын енді жоғары оқу орындары өздері бекітеді. Ал қай семестрде қанша сабақ оқу керектігін студенттің өзі таңдайды. Яғни ұзақ оқыса, оқу ақысын да көп төлейді. Ерте аяқтаймын десе, өз еркінде. Ал биылға дейін сырттай оқуға түсіп үлгергендер диплом алғанға дейін бұрынғы жүйемен оқуын жалғастыра алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<