ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Қазақстан– шетелдік БАҚ көзімен» атты бесінші халықаралық байқауда жеңіске жеткен шетелдік журнаслистерді марапаттады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Байқауды ұйымдастыру комитетіне 20-дан астам елден 85 өтінім келіп түскен. Комиссия мүшелері құрамында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Бас редакторлар клубының президенті Ержан Бекхожин кірді.
Байқау қорытындысы бойынша ТМД және Балтық елдері авторларының арасынан 2017-2018 жылдар ішінде Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарын белсенді жариялағаны үшін Өзбекстанның ұлттық ақпараттық агенттігінің журналисі Ұлықбек Шоназаров жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ қазылар алқасы Қазақстанға саяхаты туралы «Country and Townhouse» журналында жарық көрген «One Steppe Beyond» атты мақаласы үшін Еуропа журналистері арасынан британдық Джилли Пикаптың еңбегіне жоғары баға берілсе, Америка құрлығының журналистері арасында Стефен Липовцевтің Forbes журналына шыққан «Қазақстанның бес ғажайыбы: неліктен сәндік туризм Орталық Азияда дамуда» атты мақаласы ең үздік мақала болып танылды.
Таяу Шығыс пен Африка елдерінің журналистері ішінен Қазақстанның дамуына, сыртқы саясатына және Астананың 20-жылдығына арналған сапалы материалдар сериясы үшін иорданиялық Айман Абдельхафез аз-Забен жеңімпаз атанса, Азия, Аустралия және Океания елдерінен жеңімпаз ретінде қазылар алқасы Business Central Asia журналында жарияланған «Astana: the capital has its own charms and pleasures» атты мақаласы үшін үндістандық Индервир Сингхті таңдады. Аталған мақалада Астананың архитектурасы суреттеліп, кейбір ғимараттар мен құрылымдардың қысқа тарихы жазылған және қаланың өсуі туралы статистикалық мағлұматтар келтірілген.
Салтанатты жиында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астананың 20 жылдығына орай биыл шетелдік журналистер 300-ден астам материал жариялағанын атап өтті.
«Шетелдік БАҚ-та Астананың 20 жылдығына орай 300-ден материал шыққан. Оның басым бөлігі журналистердің эксклюзивті материалдары. Олар қаламыздың дамып жатқанын көру үшін әдейі Қазақстанға келген», – деді ол.
Сонымен қатар министр «Қазақстан– шетелдік БАҚ көзімен» атты бесінші халықаралық байқауда жеңіске журналистерге ізгі тілегін білдірді.
«Халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қош келдіңіздер. Бұл салтанатты іс-шараны отанымыз туралы сапалы материалдар жариялаған шетелдік авторларды марапаттау үшін ұйымдастырылды. Қонақтарымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл сапар сіздерге жақсы әсер беріп, жаңа шығармашылық табыс әкелсін деп тілеймін», – деп түйіндеді сөзін Қайрат Әбдірахманов.
Осы орайда аталған байқауда жеңіске жеткен Өзбекстан ұлттық ақпараттық агенттігінің журналисі Ұлықбек Шоназаров қос ел арасындағы байланыс жылдан жылға нығайып келе жатқанын мәлім етті.
«Қазақстан біздің мәңгілік досымыз екенін атап өткім келеді. Оған айқын дәлел Қазақстандағы Өзбекстан жылы. Өзбекстан ұлттық ақпарат агенттігі оның ішінде халықаралық редакция қос ел туралы түрлі материалдар жариялап, елдеріміз арасындағы достықтың нығайып келе жатқанын алға тартады. Біздің агенттік аталған байқауда жеңімпаз атанды. Біз оған өте қуаныштымыз. Бұл біздің шығармашылық ізденісімізге оң әсерін береді деген ойдамын», – деп түйіндеді сөзін журналист.
Айта кетейік, халықаралық байқауда жеңіске жеткен 5 журналист Алматы, Астана қалаларын аралап, Бурабай курортында демалуға мүмкіндік беретін жолдамаға ие болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<