ҚР СІМ Халықаралық ақпараттар комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұлов ведомствода кімдер жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері мен дипломатиялық қызмет жұмыскерлерінің бәрі де – халықтың көз алдында. Олардың жұмысы ғана емес, жеке өмірі де солай. Жемқорлық көріністеріне төзімділік танытпау саясаты қатаң сақталады.
Мемлекеттік қызметшілердің этикадан тыс әрекеттері үнемі бақылауда болады. Барлық аппараттық кеңестер мен кездесулерде Сыртқы істер министрі осыны қызметкерлердің есіне салып, аталмыш мәселеге ерекше назар аударады», – деді Талғат Жұмағұлов ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдерімен кездесу барысында. Оның айтуынша, СІМ қызметкерлерінің бәрі де – зиялы және тәртіпті адамдар. «Олар еңбек нарығында бәсекеге өте қабілетті. Айлықтарына көңілі толмағандар трансұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдарда еңбек атқаруға кетіп қалады. Тәжірибе, тіл меңгеру және білім оларды бәсекеге аса қабілетті мамандар ретінде шыңдайды. Мұнда (СІМ-де – авт.) қызметкерлер саяси жұмыстармен айналысады. Біз ақшамен немесе өзге жемқорлыққа қатысты факторлармен өте сирек бетпе-бет келеміз. Бізді әрдайым бақылауда ұстайтын ішкі аудит қызметі бар. Тексеру қорытындысы тұрақты түрде жарияланып тұрады», – деді Талғат Жұмағұлов.
Ол өз сөзінде СІМ-дегі мамандар әр уақытта сыртқы саяси ведомствоның жоғары талаптарына сай келуге тырысатынын ерекше атап өтті. «Бізді Есеп комитеті тексереді. Әрдайым көптің назарында жүреміз. Қағазға қол қоя отырып, күні ертең онымыз тексерілетінін де білеміз. Сондықтан, барлық стандарттарға, талаптарға сай болып, сіздермен де ынтымақтаса жұмыс жүргізуге әзірміз», – деп түйді ҚР СІМ өкілі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<