Елорда тұрғындары карантин режимін бұзып, табиғат аясына шығып, балық аулаған, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Төтенше жағдай режимі кезеңінде жергілікті полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларды анықтауда. 13 сәуір күні болған рейдтік шара кезінде полиция қызметкерлері Көктал-1 ауылындағы өзен жағасында уақыт өткізіп, карантин режимін бұзған 12 адамды ұстаған», – делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Аудандық полиция басқармасына жеткізілгендердің үшеуі бір отбасы мүшелері. Олар табиғат аясында демалыс ұйымдастырған.
«Өзен бойында ұсталған 12 адамның тоғызы – балықшылар. Олар тәртіпті бұзып, өзен жағасына барып, балық аулаған. Оларға 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды» – делінген хабарламада.





