Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өтті. Онда алдымен су нысандарының бүгінгі жағдайы және көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесі талқыланды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетовтың айтуынша, Сырдария өзенінде 95 қауіпті учаскені қалпына келтіру белгіленген. Бүгінде аталған учаскелерде жұмыстар толықтай аяқталған. Оның ішінде «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыру аясында жоспарланған 73 шараның барлығы орындалды. Үкіметтен қосымша 2 млрд теңге бөлу жұмыстары аяқталды. Жалпы қала және аудандар бойынша өзен бойында 56 қауіпті деген нысандарға 172 мекеме бекітіліп, 2 мыңға жуық адам тиісті құрал-жабдықтарымен шоғырландырылған.
Қазіргі күні «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 500 текше метр су жіберіліп жатса, оның 300 текше метрін «Көксарай» су реттегіші алып отыр. Хабарламашы облыс аумағына келіп жатқан су көлемі секундына 200 текше метр екенін жеткізді. Оңтүстік аудандарда мұз жұқарып, қозғалыс басталды. Оған қазіргі ауа райы да әсер етуде. Апта басында «Көктем-2018» республикалық командалық оқу жаттығуы өтеді. Оған барлық азаматтық қорғаныс мекемелері қатысады.
Комиссия отырысында көктемгі су тасқынының алдын алу шараларының орындалу барысы туралы аудан әкімдері, тиісті құрылымдар басшылары есеп берді. Бүгінгі жағдай бойынша 2018 жылы атқарылуы тиіс барлығы 19 нысан белгіленіп (оның ішінде біреуі құлақтандыру жүйелерін орналастыру), оларға қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу көзделіп, жалпы жұмсалатын қаржы 13,4 млрд теңгені құраған.
Облыс әкімі жағдай бірқалыпты деп бейқам отыруға болмайтынын атап өтті. Күтпеген жерден судың жырып кетуі әбден мүмкін. Осы ретте облыс орталығы тұсындағы саяжай тұрғындарымен тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктелді. Жылда қайталана беретін келеңсіздіктерге тоқтам салатын мезгіл жетті. Ал тікұшақты орынсыз жалдай беру ол мемлекет қаржысын желге шашумен тең. Аймақ басшысы қауіпті кезең сейілгенше барлық жауапты тұлғалардың іс-сапарларға шығуына болмайтынын қатаң ескертті.
Комиссия отырысында талқыланған келесі мәселе облыс аумағында Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына қарсы шаралар турасында болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайын облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова баяндады. Ол облыста 2017 жылы 1434 адам кене шағумен тіркеліп, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына күдікпен 27 науқас ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді. Оның ішінде екеуінің диагнозы нақтыланып, бір науқас медициналық көмекке кеш қаралу салдарынан көрсетілген кешенді емге қарамастан, қайтыс болды. Сондықтан жалпы кене шағу, ауру саны өткен жылдардан төмен болғанымен, эпидемиологиялық ахуал күрделі болып бағаланды. Облыста 266 елді мекенде жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде 53342 кене жиналып, одан 5071 сынама дайындалып, оның ішінде 147 сынамада «оң» нәтиже анықталды, зақымдалу көрсеткіші 2,8 процентті құрады (республикалық орташа көрсеткіш – 2,7).
Департамент өкілі келесі мәселеге назар аударылуын атап өтті. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына облыстан жылда қыруар қаржы бөлініп келеді. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде жылда басқа аймақтардың мердігер мекемелері ұтып алуда. Басқа облыстардан ұтып алған мекемелердің жол шығыны, осы жерден жалдайтын мамандарына жұмсалатын қаражаты, дәрілік препараттарды тасымалдауы, тағы басқа жұмыстарына кететін шығын өте көп. Сонымен қатар, эпидмаусымда ауру тіркеле қалған жағдайда ошақта нүктелік залалсыздандыру жұмыстарын жедел ұйымдастыру барысында қиындықтар туғызады.
Сондықтан бұл жұмыстар облыста құрылған ветеринариялық ұйымдарға берілсе, сапасы артады деп санайды. Себебі бөлінген қаржыны ветеринариялық ұйымдар пайдаланады. Ауру тіркеле қалған жағдайда, серопозитивті кенелер анықталған уақытта шұғыл іс-әрекет жасауға мүмкіншіліктер көп болады. Облыс әкімі бұл ұсыныстың өте дұрыс екенін айтып, қолдау білдірді. Сонымен қатар мал тоғыту орындары мәселесін шешу қажеттігі айтылды. Ал Шиелі, Жаңақорған аудандарында малды тауға ерте көктемде алып кетуі себепті алдын алу шараларын ертерек жасап бітіргені жөн.
Осы орайда аймақ басшысы облыстың буферлік аймақтан шығуы оңай соқпағанын, сол себепті бұл жұмыстарға өте жауаппен қарау қажеттігін қадап айтты. Қала және аудан әкімдері мал басын, қора, суат, шаңлақ саны мен көлемін қайта қарап, қажет болған жағдайда облыстық ветеринария басқармасына ұсыныс берулерін міндеттеді. Ал іс-шаралар жоспары бекітілмеген бірқатар аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдігіне жедел түрде жоспарларын бекітуді тапсырды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<