Табиғат жанашырлары алғысқа бөленді

211

0

Жуырда Астанада өткен «Таза Қазақстан» республикалық экофестиваліне облыстан 6 делегат барды. Онда туған жерге жанашырлық танытқан, санасы сергек, ойы ұшқыр белсенді жастарға Мемлекет басшысы алғыс білдірді. Олардың қатарында облыстық жастар орталығы директорының орынбасары Қорған Өтегенов те бар.

– Фестиваль аясында ағаш отырғызу, эко­логиялық көрмелер, жасыл техно­ло­гия­ларды таныстыру шаралары өтті. Сонымен қатар, қатысушылар үшін экологиялық білім беру бойынша түрлі шеберлік са­бақ­тары ұйымдастырылды. Жастар мен ерік­тілер қозғалысының белсенді мүшелері, экобелсенділер мен мектеп оқушылары атсалысты.

Шараға арнайы қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық тәрбиенің маңызын ерекше атап өтті. Президент Қазақстанның экология саласындағы халықаралық міндет­темелерге адал екенін айтты. Табиғат-Анаға деген жауапкершілікті ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді тапсырды. Осындай үлкен шараға облыс атынан барып, Мемлекет басшысының қолынан марапат алғаныма қуаныштымын. Бұл маған екі есе жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта да туған жердің тазалығын арттыруға үлес қоса беремін, – дейді Қорған Өтегенов.

Айта кету керек, облыс көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгал­дандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»