«Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Халықаралық құстар күніне орай жас суретшілердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтті. Тағылымды шара өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Шығармашылық кездесуді «Art studio Safi» студиясы мен өткен жылы 95 жылдық мерейтойын атап өткен облыстық «Кызылординские вести» газеті бірлесіп ұйымдастырды. Көрме Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы қолдауымен өтті.


Халықаралық құстар күні – жыл сайын 1 сәуірде аталып өтетін экологиялық маңызы зор мереке. Оның басты мақсаты – құстардың алуан түрлілігін сақтау, олардың тіршілігіне төнген қауіптерге қоғам назарын аудару және табиғатты қорғау мәдениетін насихаттау.


Көрмеге «Art studio Safi» студиясының 6 жастан 17 жасқа дейінгі 38 тәрбиеленушісі қатысты. Жас суретшілер өз туындыларында жер бетінде мекендейтін түрлі құстарды бейнеледі. Атап айтқанда, сарышымшық, үкі, тукан және тотықұс сияқты құстардың бейнесі көрініс тапты. Көрменің ерекшелігі – балалардың суреттерді газет беттеріне салуы болды. Бұл олардың шығармашылығына өзгеше сипат беріп, көрменің мазмұнын байыта түсті.
Көрменің ашылу салтанатында жас суретшілер мен олардың ата-аналарын «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев пен «Кызылординские вести» облыстық газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаева құттықтап, өңірдегі медиахолдингтің қызметі туралы баяндады. Сонымен қатар, жас қатысушыларға табиғатты қорғау ісіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.


Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бас экологиялық ағарту инженері Алма Есенова мен «Art studio Safi» студиясының жетекшісі Гүлзат Жұрқабаева құстардың табиғаттағы маңызды рөліне тоқталып, олардың жәндіктер мен кеміргіштердің санын реттеуде, өсімдік тұқымдарын таратуда, гүлдерді тозаңдандыруда және қоршаған ортаны тазартуда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Іс-шара барысында белсенділік танытқан жас суретшілерге ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Шара соңында қонақтарға «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысымен таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылып, олар редакциялар мен баспахана қызметінің барысымен танысты.






