Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев және Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебайдың төрағалығымен бірқатар маңызды мәселелер қаралған «Көшпелі алқа» отырысы өтті.
Жиында су шаруашылығы нысандарының қазіргі жағдайы мен оларды тиімді пайдалану мәселелері бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының су ресурстары бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібеков баяндама жасап, өңірдегі су нысандарының жай-күйіне тоқталып, оларды күтіп-ұстау және су үнемдеу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, дала және орман өрттерінің алдын алу шаралары, сондай-ақ елді мекендердегі заңсыз ағаш кесу фактілерінің алдын алу бағытында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің басшысының міндетін атқарушысы Жанар Үсенбаева баяндама жасап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселелері қаралып, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Талғат Досмаилов саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды баяндады.
Көшпелі алқа отырысы барысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






