Табысынан шығыны көп қазақстандықтарға 10 пайыз көлемінде салық салынбақ

5

0

Фото: Gov.kz

Қазақстанда табысы мен шығыны сәйкес келмейтін азаматтарға 10 пайыз көлемінде салық салу тетігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы  Stan.kz  ақпарат агенттігі  “Информбюроға”  сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, енді жеке тұлғалардың табысы ғана емес, жұмсаған қаржысы да камералдық бақылауға ілігеді. Егер кіріс пен шығыс арасында айырмашылық анықталса, азаматқа хабарлама жіберіледі. Оған 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттеледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма сарапшысы Ұлдана Сүлейменнің айтуынша, егер азамат шығынының табыстан неге көп екенін дәлелдей алмаса, айырма сомасына 10% салық есептеледі. Мәселен ресми табысы 300 мың теңге, ал шығыны 500 мың теңге болса, 200 мың теңге айырмаға 20 мың теңге салық салынуы мүмкін.

“Салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда салық төлеушінің, салық агентінің анықталған бұзушылықтар жататын кезең үшін хабарлама бойынша салықтың есептілікті ұсынады. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді жүзеге асырады”, – деп түсіндірді ол.

Салық сарапшысы Айдар Масатбаев бұл тетік қарапайым азаматтарға қатты әсер ете қоймайтынын алға тартты. Дегенмен маман мұндай бақылауды салықтан жалтаратын ірі кәсіпкерлер мен ауқатты топтарға қолдану орынды деп санайды.

“Себебі 100, 200 мың теңгеге артық шығынды қарызға немесе туысымнан алдым деп түсіндіруге болады. Салық органдары екі адам арасындағы есеп-қисапты анықтап отырмас. Дегенмен бұл тәртіп салықтан жалтаратын ірі кәсіпкер, олигархтарға қолданылса дұрыс деп санаймын”, – деді ол. 

Бүгінде табыс пен шығысқа камералдық бақылау басталып кеткен. Бұған дейін, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов камералдық бақылау жүргізіліп жатқанын айтып, табыс пен шығыс арасында айырмашылық анықталған жағдайда қазақстандықтарға қандай шара қолданылатынын түсіндірген еді.

“Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Камеральдық бақылау жүріп жатыр, әзірге нақты деректер жоқ. Қосымша хабарлаймыз”,  – деді Ахметов.

Сейілжан Ахметовтің айтуынша, егер азаматтың табысы мен шығысы арасында айырмашылық анықталып, ол оны түсіндіре алмаса, алдымен ескерту түріндегі хабарлама жіберіледі. Одан кейін ресми хабарлама жолданып, азамат анықталған айырма сомасының 10 пайызы мөлшерінде салық төлеуге міндеттеледі.

Айта кетейік, камералдық тексеру – салықтық бақылаудың бір түрі. Ол салық қызметкерлері тарапынан тікелей инспекцияда, салық төлеушінің есептері мен декларациялары негізінде жүргізіледі. Бұл тексерудің басты ерекшелігі – инспекторлар салық төлеушінің үйіне немесе кеңсесіне бармайды, барлық мәліметті өз жүйелері арқылы тексереді.

Еске салайық, бұған дейін Жаңа Салық кодексіне түзетулер енгізілмегі хабарланған еді.