«Табысының басым бөлігін тамаққа жұмсайды»: Сарапшылар қазақстандықтардың өмір сүру жағдайы төмендеп кеткенін айтты

9

0

Фото: Stan.kz ақпарат агенттігі

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтардың табысының басым бөлігі тамаққа жұмсалады. Орта есеппен алғанда, адамдар жалақысының 57%-ын азық-түлікке жұмсайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Кей өңірлерде жағдай бұдан да күрделі. Мәселен, Жетісу, Түркістан және Алматы облыстарында тұрғындар табысының 62–65%-ын тамаққа жұмсайды. Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда азық-түлік бағасы әлемдік деңгейден де жылдамырақ өсуде. Соңғы 6 жылда қант бағасы екі еседен астам қымбаттаса, әлемде бір жарым есеге де жетпеген. Ұн бағасы да екі есе өскен. Соның салдарынан халыққа бұрынғы өмір сүру деңгейін сақтау және болашақты жоспарлау қиындай түсті. 

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай дабыл қағуға негіз бар екенін көрсетеді. Бағаның өсуі бір күнде болған жоқ, бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Алайда қазіргі қарқын тіпті мамандар үшін де күтпеген жағдай болған. Жалақы инфляцияға ілесе алмай отыр. Соның салдарынан өзге негізгі қажеттіліктерге қаражат аз қалады.

«Үй шаруашылығының азық-түліктен бөлек медициналық шығындары, коммуналдық төлемдері, білім, көлік және басқа да көптеген шығыстары бар. Тамақ солардың тек бір бөлігі ғана болуы тиіс. Егер табысымыздың 57 пайызы, яғни жартысынан көбі азық-түлікке кетсе, онда басқа қажеттіліктерге қаржы аз қалады. Бұл өмір сапасының төмендегенін білдіреді», – экономист Бекнұр Кісікoв.

Қаржы мамандары қаңтар айында кепілсіз несиелерді тұтыну рекордтық деңгейге жеткенін, ломбардтарға жүгіну де артқанын айтады. Халықтың қарыз жүктемесі көбейіп келеді. Бұл әрдайым қаржылық сауаттылықтың төмендігінен емес, көбіне инфляцияның жоғары болуы мен табыстың аздығынан туындайды. Күнделікті шығындарды жабу үшін адамдар несие алуға мәжбүр.

«Барлық сыртқы көрсеткіштер халықтың нақты табысы өспей жатқанын, ал инфляцияның жылдам артып отырғанын көрсетеді. Нақты табыс пен инфляция арасындағы алшақтық барған сайын ұлғайып келеді. Бұл жақсы нәтижеге әкелмейді. Керісінше, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Макроэкономистер бұған қашанға дейін бейжай қарайтынын білмеймін», – деді қаржыгер Талғат Игліков.

Табыс­тың қомақты бөлігі негізгі қажеттіліктерге жұмсалып жатқандықтан, саяхат, хобби немесе өзін-өзі дамыту сияқты өмірдің басқа салаларына қаржы іс жүзінде қалмай отыр.