Ол 1930 жылы Ресейдің Астрахань облысы, Володар ауданында дүниеге келді. Өзінің айтуынша, олардың үйі қаладан 40 метрдей қашықта, Еділ өзенінің енді тұсында орналасқан. Балалық шағында асау толқыны ақ көбік атып, тулап жататын өзеннің жағасына келіп, алыс армандарына көз жіберетін. Алайда оған жету жолында өмірдің ойлы-қырлы, бұралаң соқпағын жүріп өтуі керек екенін сол кезде білген жоқ…
Бес жасында әкесі Сейтжан «халық жауы» деген жаламен ұсталып, он жылға айдалып кеткен еді. Ол жоқта отбасы қиын күндерді бастан кешті. Үйдегі жас балаларына қарау, тыстағы қарбалас тіршіліктен қалмай, тамақ табу анасына оңай болған жоқ. Сол кеткеннен әкесі бес жыл өткенде оралды. Балалары әке құшағының жылуын әбден сағынған еді. Алайда қуанышты күндері ұзаққа бармады.
Бұл жолы отбасы шаттығының шырқын бұзған соғыс хабары еді. Кейіпкер өзінің «Өмірдің ақ-қарасы» атты кітабында бала жүрегіне батпандай салмақ салып кеткен сол бір ауыр сәтті былайша еске алады:
«Мен сол сәтте ерекше бір бақытқа бөленіп, оның мойнынан мықтап құшақтап алдым. Сол бақытты минутты есіктен асыға кірген ер кісінің «соғыс басталыпты» деген сөзі бұзып жіберді. Үй ішіндегілердің лезде тұнжырап қалған жүздері, хабаршы жігіттің ашу мен ызаға толы өткір көздері менің әкем мойнына асылған қолдарымды бірте-бірте ажырата берді. Екі адамның төбелесін анық көрмеген маған осы бір сөз суық естілді. Сол күннен бастап көңіліме жабырқау кірді. Сол күннен бастап мөлдіреген ауыл аспаны бұлтты болып, түрлі гүлмен көмкерілген жасыл жайлауым қоңыр тартып жүре берді, ал кәдімгі Еділ өзені көбік шашып жатқандай сезінетін болдым»
Иә, әкесі соғыстан аман-есен оралғанымен, көп ұзамай ауыр дертке шалдығып, өмірден өтті. Соғыстан кейін ел іші қоңырқай тұрмыс кешіп жатқан кез. Анасы күні бойы жұмыста. Он жасқа толып, айналасына ойлы көзбен қарай бастаған ол өзіне жауапкершілік артып, жігерленіп, алдына биік мақсат қойды. Онысы: ата-ана үмітін ақтап, оқу оқып, білім алып, елге қызмет ету.
Көңілінің беймаза шағында қолына қаламын алып, жан дүниесінің ішкі арпалысын қағаз бетіне түсіретін. Сондай бір кезде:
Өз еліне жау аталып,
«Қонағы» боп түрменің.
Жатты әкем, тым жаспын,
Себебі не, білмедім, –
деп жазған екен.
Иә, Сыр бойы қаламгерлерінің қатарында Рысты Бекбергенова апамыздың есімі елге ертеден белгілі. Әсіресе, кешегі буын оқырмандар оның шығармашылығымен етене таныс әрі ерекше құрметтейді.
Өмірбаянын қарасақ, М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін, одан кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң еңбек жолының басым бөлігін облыстың бас газеті – бұрынғы «Ленин жолы» басылымында өткеріпті.
Астраханда туып-өскен қыздың Сырдың еліне қалай келгені де тағдырдың тосын сыйы десек болар. Бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласындағы жетіжылдық жұмысшы жастар мектебінде оқып жүріп, бір жағынан кітапханашы болып еңбек етеді. Бір күні газет бетінен Алматы қаласында қыздар педагогикалық училищесі бар екенін көзі шалып қалады. Көп ойланбай, сол оқу орнына баруға шешім қабылдайды. Бағына орай емтихандарын оп-оңай тапсырып, оқуға қабылданып, жатақханаға да орналасады.
Албырт қыз арман жетегінде Алматыға барғаны сол еді, арада екі айдай уақыт өткенде оқу орны Қызылордаға көшеді. Сонымен бірінші тоқсанды аяқтап, бұрын-соңды көрмеген оңтүстік өңірге бет алады. Оқуға деген шексіз құштарлығынан болар, Рысты апамыз М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін өте жақсы оқып, қызыл дипломмен бітіріп шығады.
Педучилищенің соңғы курсында оқып жүргенде анасы дүние салды. Енді ештеңеге қарайламай, әрі қарай оқуын жалғастыруды ойлады. Тағы да Алматыға келді. Арман болған «КазГУ-ге» құжат тапсырып, журналистика факультетіне оқуға түсті. Бұл оқуын да өте жақсы аяқтап, Зейнолла Қабдоловтай белгілі ғалымның жетекшілігімен дипломдық жұмысын қорғады. Ұстазының жоғары баға бергені ақынжанды қыздың шабытына дем беріп, қиялын қанаттандыра түсті.
Сұлумын кейде осы мен,
Шалқыған көңіл хошымен.
Жарқылдап бір сәт
жайнаймын,
Бір жүрген жандай
досымен.
Тұнжырап тағы қаламын.
Түніне ұқсап даланың.
Аңқылдайтын да
шағым бар,
Мінезіндей баланың, –
деген жыр жолдарынан қалам иесінің шығармашылық адамына тән кейде шуақты, кейде мұңды көңіл-күйдің иесі екенін байқаймыз.
«КазГУ-дің» үшінші курсында оқып жүрген студент Рысты Бекбергенова Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне тәжірибеден өтуге келеді. Осы келген сапарында өмірлік жарын жолықтырып, оқуын бітірген соң отау құрды. Шаңырақ шуағын еселеп, бес бала өсіріп жеткізді. Әулетке сыйлы келін болып, үлкендердің батасын алған апамыз бүгінде ұрпағының ұлағатына бөленген абыз әже, қазыналы қарт.
Жоғарыда айтып өттік, Рысты апамыз қазіргі «Сыр бойы» газетінде отыз жылдан астам қызмет еткен. Қаламы жүйрік, қарымы мықты, шығармашылығы шұрайлы Рысты Бекбергенова елге, қоғамға еткен қызметі үшін лайықты бағасын алды. Қазақстанның Құрметті журналисі атанды. Өткен жылы облыс әкімінің шығармашылық өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын иеленді. Аймақтың ата басылымы – «Сыр бойының» 95 жылдығын қарсы алған тұста қарт қаламгер өмір жолының өнегелі жақтарын есіне алып, жас журналистерге батасын берді.
Мекендеген жыр қойнын,
Газетім – менің
«Сыр бойым».
Үйде, түзде, осында,
Өзіңде ғана жүрді ойым.
Алтын жұлдыз бетінде,
Төбең көкке жетуде.
Жаралғансың-ау, газетім,
Ел үшін еңбек етуге, –
деген жыр шумақтары ата басылымның абыройлы жолын аңғартады.
Сыр өңірі әдебиет өкілдерінің шығармашылығына арналған «Сырдария» кітапханасы арқылы ақын Рысты Бекбергенованың да өлеңдері жарыққа шықты. Одан кейін қаламгердің «Өмір – өлең көңілді көркейтетін», «Өмірдің ақ-қарасы» деп аталатын кітаптарын басып шығаруға кезінде Аманжол Оңғарбаев демеушілік жасады.
Иә, балалық шағы соғыс жылдарында өтіп, тағдырдың ауыртпалығын көп көрсе де, жасқанып, жасымай, өршіл мінезімен өмірден өз жолын тапқан Рысты апамыздың 95 жасқа толып, ел-жұртының ерекше құрметіне бөленіп отырғаны – тәңірдің оған берген сыйы болса керек. Қазыналы қарттың ғибратты ғұмыры әлі де ұзара түсіп, ғасыр жасай берсін демекпіз.
Ғазиза ӘБІЛДА,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі





