Құтқарушы мамандығы адамнан батылдық пен табандылықты қажет етеді. Жүрек қалауымен жауапкершілігі мол мамандықты таңдап, адам өмірін сақтау жолында еңбек етіп келе жатқандардың бірі – Нұрхан Медеуов.
Ол 2007 жылы Қызылорда гуманитарлық заң колледжін аяқтап, 2007-2008 жылдар аралығында Астана қаласындағы республикалық Ұлан әскери бөлімінде әскери борышын өтеді. Еңбек жолын 2009 жылы Қызылорда қаласындағы №10 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып бастады. 16 жылдан бері осы салада тер төгіп жүрген кейіпкеріміз – бүгінде Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы.
– Әскер қатарында болғанымда әскери форма киіп, белгілі бір тәртіппен жүруге қатты қызықтым. Соның әсерімен осылай елге қызмет етуді алдыма мақсат етіп қойдым. Еңбек жолын бастаған уақытта қобалжу болғаны рас. Себебі тілсіз жаумен арпалысу адам өміріне тікелей қатысты болғандықтан, мұндай жауапкершілікті алып жүру оңай емес екенін түсіндім. Сондықтан жұмысқа қабылданар алдында қызметкерлер медициналық тексеруден және психологиялық дайындық бойынша арнайы тесттен өтеді. Одан кейін де психолог мамандар бізді шыңдау мақсатында арнайы сабақтар өткізіп тұрады, – дейді Нұрхан Медеуов.
Ол құтқарушының бір күні қалай өтетінін айтып берді. Кезекшілікке түскенде ауысым басшысы арнайы нұсқаулықтан өтіп, өзіне бекітілген арнайы жабдықтарды қабылдайды. Одан кейін бекітілген күн тәртібіне сәйкес арнайы және физикалық дайындықты арттыруға арналған дәрістерге қатысады. Осылайша айтып келмейтін апатпен арпалысуға дайындық жүргізеді.
– Қызметтегі басты қағида – тәртіп, яғни тәртіп қана адамды әрбір істе дұрыс бағытқа жетелейді. Кезекшілік тыныш өтетін кездер болады. Ондайда күн тәртібіне сәйкес жұмыс атқарып, техникаларға күтім жасап, білім мен шымырлық деңгейін арттыруға көңіл бөлеміз. Қызметіміз өрт сөндіру және төтенше жағдайды жоюға тікелей қатысты болғандықтан көптеген оқиғаның куәгері болатынымыз рас. Жұмысқа қабылданған жас кезімде түн ішінде қаланың Айтбаев көшесінде болған оқыс оқиға ерекше есте қалды. Бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, тұрғын үйдің шатырына дейін тарап кеткен еді. Сол уақытта тұрғындарды түгел қауіпсіз аймаққа көшіріп, қызыл жалынның өзге пәтерлерге жайылмауы үшін аянып қалған жоқпыз. Тағы бірде көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы жанып жатқан пәтер ішінен қарт әжейді аман-есен алып шығып, жедел жәрдем бригадасына тапсырғанымыз бар, – дейді құтқарушы.
Статистикаға қарағанда өрт негізінен қараусыз қалып, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан пайда болады. Оның басым көпшілігі балалардың отпен ойнауынан, электр жабдықтарын қосулы күйде бақылаусыз қалдырғаннан шығады. Кейіпкеріміз күн сайын қауіппен бетпе-бет келетін мамандықты таңдағанына өкінбейді. Керісінше тілсіз жауға қаймықпай қарсы тұрып, жалынмен арпалыса жүріп адамдардың өмірі үшін күресуді мамандық алдындағы ғана емес, ар алдындағы міндет санайды.
Өз өмірін қатерге тігетін өрт сөндірушінің адал еңбегі, батырлығы мен жанқиярлығы жоғары бағаланып та үлгерді. Нұрхан Медеуов «Мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайды жою және оның алдын алуда үздік шыққаны үшін», «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», Махамбет Өтемісұлы атындағы «Дауылпаз» төсбелгілерін кеудесіне тағып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының, қала және облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





