Тәртіп пен рухты ұштаған офицер

400

0

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әлемде жаһандық қауіпсіздік жағдайының өзгеруі, сондай-ақ әскери қызмет талаптарының күшеюі әскери тәрбиешілердің рөлін арттыруда. Олар тек әскери дағдыларды үйретіп қана қоймай, жастардың бойында патриотизм, тәртіп, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Әскери тәрбиешілер жастардың патриот­тық сезімін нығайтуға, мо­раль­дық-эти­калық құндылықтарды қа­лып­тастыруға және азаматтық жауап­кершілікті арттыруға ба­ғытталған кешен­ді жұмыс жүргізеді. Олардың қызметі жастардың тұлғалық да­муына, әлеуметтенуіне және қоғамда белсенді азамат ретінде қалыптасуына ық­пал етеді. Командалық рухты нығайтып, сар­баздардың бойына отансүйгіштік сезім сіңіреді.

Мерейлі мереке қарсаңында ҚР ҰҚК Шекара қызметі облыс бойынша де­пар­­таменті Байқоңыр  шекаралық бөлім­шесінің офицері Руслан Ережепов туралы сөз қозғамақпыз.

Руслан Нұржанұлы – Қарағанды облысы Приозерск қаласының тумасы. Мектепті үздік тәмамдап, 2017 жылы Алматы қаласы Шекара қызметі академиясына оқуға түсті.  Бұл оның бала күнгі арманы, Отанға қызмет етуге деген адал ниеті болатын. Оның академияда алған білімі мен тәжірибесі, кәсіби салада жетістікке жеткізді. Жас офицердің еңбек жолы ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің  «Қосшын» шекара бөлімшесі бастығының тәрбиелік-идеологиялық жұмыс­тары жөніндегі орын­басары қызметінен басталды.

– Сыр топырағына 2020 жылы келдім. Әс­кери сала  оңай емес, бұл өңір мені жылы қабылдады. Сол уақыттан бері өңірдің қауіп­сіздігін сақтау жолында абыроймен еңбек етіп келемін. Мен үшін әскери маман болу – үлкен жауапкершілік әрі мәртебе, – дейді ол.

Офицер    ретінде  әр әскери қызмет­кер­дің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларға қолдау көрсетуге тырысады. Әңгіме барысында әскери тәрбиешінің басты қызметіне ерекше тоқталды.

– Қоғамда сарбаз тәрбиесі жайлы жаң­сақ пікірлер кездеседі. Көпшілік оны қатаң тәртіппен, тіпті күш қолданумен байла­ныстырады. Бұл – мүлде қате түсінік. Біздің бас­ты міндетіміз – әр сарбаздың бойына отан­сүй­гіштік сезімді сіңіріп, патриот азамат етіп тәрбиелеу. Әскери тәрбиеші ұстаз ғана емес, психолог та болуы тиіс. Сарбаздың көңіл-күйін көзқарасынан-ақ түсіне білу керек. Бұл олардың жауынгерлік рухын кө­теріп, сенімділігін арттыру үшін қажет, – дейді ол.

Үнемі өзін дамытуға ұмтылатын Руслан Нұржанұлы жеке құраммен жұмыста заманауи әдістерді тиімді қолдана білді. Оның осы бағыттағы еңбегі ескеріліп, өткен жылы «Үздік тәрбиеші» атағына ие болды.

Бүгінде ол жас болса да, өз ісіне адалдығы мен еңбекқорлығын танытып, әріптестерінің сеніміне ие болып отыр. Қызметіне деген жауапкершілігі мен Отанға деген сүйіспеншілігі өзгелерге үлгі. Әскери өмірдің қатаң тәртібіне қарамастан, ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл оның шын мәнінде ел қорғаны болуға лайық азамат екенін дәлелдейді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»