Тәуелсіздік бойтұмары

144

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.

– Ұлт рәміздері – Тәуел­сіз­ді­гіміздің киелі бойтұмары. Ел­таңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қас­терлі нышандарымыз Қазақ­стан­ның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Баба­ларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байра­ғымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.

Мемлекет басшысының ай­туынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спорт­шыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.

– Биыл жауынгерлеріміз бітім­герлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азамат­тары­мыз­дың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуат­ты әрі жасампаз ел екенін көр­сетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр аза­маттың жүрегінен ерекше орын алады.

Бұл – нағыз отаншылдық бел­гісі. Ұлт нышандары – халқы­мыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл мемлекет­ті­лігіміздің берік тірегі – Ата Заңы­мыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды.

– Негізгі заң біздің қоғам арқа сүйейтін басты қағидаттардан тұрады. Конституция арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамта­масыз етіп, ауқымды өзгерістерді кезең-кезеңімен қолға алып жа­тырмыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрқайсысымыз үлес қосып келеміз. Бізді көк пас­портымыз, реформалардың жа­сам­паз қуатына деген ортақ мақ­сат пен мызғымас сенім бі­рік­тіреді. Қазақта «Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» деген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да – ортақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Осы береке-бірлігімізді сақтап, ны­ғайта берсек, кез келген биікті бағын­дырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға ту тү­бінде шен тапсыру жақсы дәстүрге айналғанын айта келіп, жас сарбаздарға сөз арнады.

– Көк байрақ жауынгерлерге айрықша күш-жігер береді, отан­шылдық рухын көтереді. Осындай сәттерде әр азамат туған елге қызмет ету перзенттік парызы еке­нін терең ұғынады. «Тұлпар мініп, ту алған» жаужүрек батыр­лардың ұрпағы екенін сезінеді. Отан күзетінде тұрған ұлан­дарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін!

Байрағымыз биікте желбіре­сін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсімде Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министр­лігіне, Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігіне қарасты оқу орын­дарының 14 үздік түлегі Қазақстан Республикасы Президентінің – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан офи­цер­лік шен алды.

Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құр­мет қарауылы роталары Прези­дент пен жиналған қауым алды­нан салтанатты түрде сап түзеп өтті.

Ту көтеру рәсіміне мемлекет­тік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыс­тары қатысты.