Тәуелсіздік алған тұста өмірге келген ұл-қыздар бүгінде әр салада еңбек етіп, жетістікке жетіп жүр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинеколог дәрігерi Бағжан Алтыбасова, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің математика пәнінің мұғалімі Асылхан Тоқмұрзаев және төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, майор Ғафур Ақмырзаев қатысып, еңбек жолы туралы айтып берді.
Асылхан Тоқмұрзаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алған. Қазір ол Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте математика пәні мұғалімі. Білікті ұстаздың шәкірттері де қалалық, облыстық және республикалық деңгейде өткен сайыстарда жетістікке жетіп келеді. Атап айтар болсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы, «Алтын түлек» республикалық математикалық олимпиадасы, «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауы және мамандандырылған олимпиадада топ жарды. Сондай-ақ оқушылары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Қызылорда ашық университетінің білім гранты иегері атанды. Өзі де кәсіби дамудан шет қалмай, республикалық педагогикалық идеялар фестивалі және «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында үздіктер қатарынан көрінді.
– Бұл – тәуелсіз ел ұстазының үнемі ізденісте болуы керектігінің дәлелі. Тәуелсіздік бізге таңдау еркіндігін берді. Ал сол еркіндікті біліммен, адал еңбекпен, нақты нәтижемен дәлелдеу – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан әр жетістік – баланың емес, еліміздің жеңісі, – дейді ол.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, майор Ғафур Ақмырзаев Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінен техник-электрик біліктілігін алған. Кейін Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс университетіне ауысып, институтты ойдағыдай тәмамдады.
– 2023 жылы Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау университетінде «Төтенше жағдайларды жою және азаматтық қорғаныс» мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесін алдым. Оқуда түрлі мәдени-қоғамдық шараларға белсене қатыстым. Жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық-мәдени фестивальдерге, Минскіде өткен «Қазақстан мәдениеті күндері» шарасына да атсалыстым. Нәтижесінде оқу орны басшылығы атынан бірнеше рет Алғыс хатпен, «Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық-инженерлік институтына 80 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталдым, – дейді ол.
Ізденімпаз жас белгілі режиссер Ахан Сатаевтың Беларусьте түсірілген «Анаға апарар жол» фильмінің қосымша бөлімінде Ұлы Отан соғысының солдаты рөлін сомдаған. Ғафур университетті бітіргеннен кейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою бөлімінің аға инженері болып тағайындалды.
– Тәуелсіздіктің арқасында еліміз тыныш, береке-бірлікте өмір сүруде. Біз Тәуелсіздікті жариялағалы айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Бүгінгі бейбіт, шуақты күндерімізді бағалай отырып, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылу ұрпақтың басты мақсаты болуы керек. Мен де өз мамандығым бойынша ел қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етемін, – дейді ол.
Бағжан Алтыбасова акушер-гинеколог дәрігер және облыстың штаттан тыс бас репродуктологі. Ол 2008 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, 2013 жылы жалпы медицина факультетін тәмамдаған. 2015 жылы акушерия және гинекология мамандығы бойынша интернатураны, одан кейін «Акушерия және гинекология, соның ішінде балалар гинекологі» мамандығы бойынша резидентураны аяқтады. Қазір облыстық перинаталдық орталықта қызмет етеді. Осы жылдар ішінде әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, ана мен бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үздіксіз еңбек етуде.
– Тәуелсіздік жылдарында еліміздің денсаулық сақтау саласы айтарлықтай дамып, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Заманауи медициналық технологиялардың енгізілуі, біліктілікті арттыру мүмкіндіктері мен тәжірибе алмасу жүйесі күрделі жағдайларда да тиімді медициналық көмек көрсетуге жол ашты.
Осындай мүмкіндіктің арқасында кәсіби тұрғыда дамып, халық денсаулығына қызмет ету — мен үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Алдағы уақытта да өз мамандығыма адал болып, медицина саласының дамуына, ана мен бала денсаулығын нығайтуға өз үлесімді қоса беруді басты мақсат санаймын, – дейді ол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





