Аймақ басшысының қолдауымен шаһарда жол құрылысы қарқын алып, басты жолдар мен көшелердің аясы кеңейтілуде. Байыпты бастамалардың бірі – осы Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылында жүргізілуде.
Бұл жоба 2024-2025 жылдарға жоспарланған, екі кезеңнен тұрады. Жолды кеңейту жұмыстары 27 тамыздан бастау алды. Жобаның бірінші кезеңі бойынша бюджеттен бөлінген қаржыға ұзындығы 6 711 метрді құрайтын даңғыл екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстырылуда. Яғни, С.Бейбарыс көшесінен бастап Жастілек көшесіне дейінгі бөлігі кеңейтіліп, жобада қарастырылған 4 қабат асфальт жабынының 3 қабаты салынды. Соңғы мастика қоспасы бар асфальт қабаты 2025 жылы салынады. Жоба аясында Әбілқайырхан көшесі мен Есенов көшелерінің аралығындағы Сырдария өзенінің бөгетін нығайту жұмыстары да қоса жүргізілуде. Жұмысты атқарушы «УАД» ЖШС-гі.
Сондай-ақ, жобаның екінші кезеңі яғни, даңғылдың Әбілқайырхан көшесінен бастап Саламатов көшесіне дейінгі бөлігіне жаңадан 4 жолақты жол құрылысын салу үшін жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоба 2025 жылы жүзеге асырылмақ.
Айта кету керек, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы қолданысқа берілгеніне 8 жыл өтті. Қала сыртын айналып өтетін осы даңғылдың бойында кептелістер көптеп орын алатыны жасырын емес. Өйткені, арнайы техникалар мен ауыр жүк көліктері, ауыл шаруашылығы техникаларының да осы жолмен өтуі жолдың тар болуына байланысты жеңіл көліктерге қауіп тудырып келеді.
Осы жобаның нәтижесінде Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының бойындағы, сондай-ақ, «Ескі базар» аумағындағы көлік кептелісі түбегейлі шешіледі деп күтілуде.
Қызылорда қаласының әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<