Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті

581

0

Фото: қала әкімдігі

Бүгін «Тағзым» алаңында Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді құрметпен еске алу шарасы өтті.

Шарада қалалық мәслихат төрағасы
Ибадулла Құттықожаев ардагерлерге ізгі лебізін білдіріп, амандық, дендеріне саулық тіледі.

– Бүгін біздер ұрыс-соғыс оқиғасында қаза болған ағаларымыздың рухына бас иіп, тағзым етеміз. Қазақ қашанда «Ер – елдің қорғаны» деп, ер-азаматтың қоғам алдында биік бағасын асырып, мерейін тасыта білген халық. Сондықтан, азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсеткен сарбаздар ерлігі қашанда ел есінде, – деді Ибадулла Дүйсенбайұлы.

Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті

Тағылымды шарада Тәжік-Ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды. Ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына құран бағышталды. Шара соңында ардагерлер тал егіп, игі іске жұмыла кірісті.

Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті

Айта кету керек, жыл сайын елімізде 7 сәуір Тәжік-Ауған жеріндегі бітімгершілік операциясында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күні ретінде аталып өтіледі. 8 жылға созылған әскери қақтығысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысса, оның 46-сы ажал құшты. Майдан даласында 100-ге жуық сарбаз жараланып, бірқатары мүгедек болып елге оралды. Сыр өңірінен 400-ге жуық жерлесіміз аттанып, Отан алдындағы борышын адал атқарды. Отанға қажет кезде жауынгерлік саптан табылған батырларымыздың өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.