Тәжірибе алаңының екінші күнінде кәсіби байқау, шеберлік сынып, спорттық және мәдени шаралар өткізілді.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Жанар Жубауованың жетекшілігімен «Сабақ талдау циклограммасы» тақырыбында мектеп басшыларына арналған кәсіби байқау өткізілді. Байқауға қатысушылар ұсынған циклограмманың өзіндік ерекшеліктері орын алды. Циклограмма бірнеше кезеңдерден тұратын, нәтижеге бағытталған үдеріс екендігін көрсетті. Циклограмма сабақты нақты және жүйелі жоспарлауға, оның тиімділігін бағалауға және талдауға мүмкіндік береді.
Байқауға қатысқан мектеп басшыларының жұмысына сабақты талдаудың өзектілігі, дәлелділігі, практикалық қолданысы, әдістемелік құндылығы, инновациялылығы, сөйлеу мәдениеті және материалды ұсыну сапасы критерийлері бойынша талдау жасалып, бағыт-бағдар берілді, ұсыныстармен толықтырылды.
Алаң жоспарына сәйкес аға оқытушы Оразбай Орманов «SCAFFOLD құзыреттілікке бағытталған оқу сабақтарын әзірлеу» тақырыбында шеберлік сыныбын ұйымдастырды. Шеберлік сынып барысында қатысушылар «Педагогтерге негізгі құзыреттіліктерді практикалық тереңдетілген оқыту тәжірибесіне біріктірудің бірегей тәсілдерін дамытуға көмектесетін SCAFFOLD» карточкалары арқылы практикалық тапсырмалар орындады.
Оқыту мен оқуды жетілдіруге оң ықпал етуді көздейтін «Оқыту әдістемесін жетілдіру жолдары» тақырыбында педагогикалық идеялар аукционы өткізілді. Аукционға барлығы 14 жұмыс келіп түсті. Педагогтердің идеялары сарапталып, үздік жұмыстар анықталды.
Тәжірибе алаңының «трендіне» айналған «Брейн-ринг» танымдық ойыны өткізілді. Сайыс барысында командалар әртүрлі тақырыптағы логикалық сұрақтарға жауап беріп, нәтижесінде Шиелі ауданының командасы жеңімпаз атанды.
Алаңның дәстүрлі шарасы «Оқуға құштар мектеп» тақырыбында театрландырылған мәдени шарамен жалғасын тапты. Мәдени шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың оқу мәдениетін дамыту, білім алушылардың кітап оқу белсенділігінің деңгейін арттыру, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға ықпал ету, кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндіру, жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік бағдарларды қалыптастыру.
Қалалық және аудандық білім бөлімдерінің командалары ұлт зиялылары, ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы, қазақ әдебиетінің жауһарлары – «Махаббат қызық, мол жылдар…», Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына орай «Қан мен тер», Шыңғыс Айтматовтың «Найман-Ана», Бердібек Соқпақбаевтың «Жұмабай» шығармаларының желісі бойынша және Абайдың қара сөздеріне негізделген «Қара» қойылымын көрсетті.
Жиын аясында әр күннің мазмұнды, қызықты өтуі үшін мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылды. Үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары өткізіліп, жеңімпаздар анықталды.
Екінші күні өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша алаң жұмысына белсене қатысқан, үздік жұмыс көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды.
Алаң жұмысын ұйымдастырушылар мен сарапшылар екінші күні өткізілген шараларға сараптамалық талдау жүргізіп, рефлексия жасады.
Гүлхаят Махмутова,
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының PR, SMM маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<