Тәжірибе тарату: төңкерілген және саралап оқыту ерекшелігі

1186

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары  өңірдегі  250-ге жуық пән мұғаліміне  өз тәжірибелерін таратты.  

NIS-тің білікті педагогтары Елнұр Оспанова, Айнұр Құрақбаева, Гүлназ Дихамбаева «Төңкерілген оқытудың тиімділігі: мұғалім тәжірибесінен» атты  шеберлік сыныбын өткізді. Шеберлік алаңда тренерлер сабақтағы іс-әрекетті зерттеу, проблеманы анықтау, деректер жинау, әдебиеттерге шолу жасау туралы тың ақпараттармен бөлісті. Сонымен бірге «Төңкерілген оқыту» әдісінің тиімділігі, оны оқыту процесінде жүйелі жүргізу жолдарын таныстырды.

Ал ағылшын пәнінің мұғалімі Камилла Қлышбекова аймақтағы тіл мамандарына деңгейлеп оқыту білім берудің тиімді тәжірибесі ретінде  қарастырып, оқылым мен тыңдалым бойынша тапсырмаларды құрастыруда деңгейлеп оқыту стратегиясын қолдану арқылы сұрақтарды саралауды үйретті. Қатысушыларға көп деңгейлі және сараланған тапсырмалары бар онлайн жинақ  ұсынылды.

Зияткерлік мектеп ұстаздарының тәжірибе тарату айлығын музыка пәнінің сарапшы мұғалімі Жарасбек Утебаев жалғастырып, облыс педагогтеріне теориялық білім мен сараланған шығармашылық тапсырмалардың байланыстыру жолдары мен әдіс-тәсілдерін практикалық іс-әрекетпен ұштастыра отырып, әдістемелік көмек көрсетті.

Математиканың шеберлері Қуаныш Сәменов пен Үрләй Қожахметова бірлесіп мектеп мұғалімдерінің оқыту тәжірибесін жақсартуға бағытталған «Ықтималдықтар теориясы есептерін шығару ерекшеліктері» тақырыбында вебинар өткізіп, оқушылардың күрделі тақырыпты меңгертудің тиімді жолдарын ұсынды. Сондай-ақ, әр тапсырманы қалай бағалау керектігі, оларға марксхема құру жөнінде де өз ойларымен бөлісті.

Өңір ұстаздарының тағы бір тобы «Тарих пәніндегі саралап оқыту стратегиялары» бойынша біліктіліктерін арттыра алды. Олар NIS педагогы Сандуғаш Уаисованың жүргізген шеберлік сыныбында саралау дегеніміз не, ол не үшін қажет және оның түрлері, әдістері туралы кеңестер алып, жаңа біліммен қаруланды.

Ал химия пәні бойынша Марат Атабаевтың өткізген онлайн сабағында қатысушылар мұғалімнің идеяны іздеуден бастап, оны тәжірибеге енгізуге дейінгі жолын көрсетіп, «Төңкерілген сынып» технологиясының артықшылықтары көрсетті.

Барлық вебинарлар мен шеберлік-сыныптар барысында қатысушылар құнды деректер жинап қана қоймай,  тиімді ресурстармен қамтамасыз етілді.  Мұғалімдер ашық диалогқа қосылып, тәжірибе барысында кездесетін мәселелер бойынша сұрақтарына кәсіби мамандардан жауап ала алды.