Бұдан бір апта бұрын Жетісу облысында 18 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжан қайтыс болған еді. Марқұм жігіттің туысқандары Massaget.kz тілшісіне сұхбат беріп, бұл оқиға туралы айтып берді.
Досымжан Сәлімжан 2005 жылы 1 қазанда Жылыой ауданы Құлсары қаласында дүниеге келген. Сарбаздың туған ағасының әйелі Ақниет Суюнгалиева оның қандай болғанын айтып берді.
«Мінезі қатты, мықты жайдары бала, ақкөңіл еді. Әскерге былтыр 11 қазанда өз еркімен кеткен. Алғашқы кезеңдері бәрі жақсы болған, шағымы болмады. 2024 жылғы 3 мамырда таңертең анасына қоңырау шалып, «Мама, ауырып тұрмын, кеудем қысып тұр, қызу бар сияқты» деді. Анасы «Дәрігерге барып қарал» деді. Біраздан соң сержант қонырау шалып, «Баланыз аурып қалды, азқазаны ауырып тұрған сияқты, тамақ ішпегеннен шығар. Қазір дәрігер тексеріп жатыр» деді. Сәлден соң өзіміз қоңырау шалдық, «Апа, сіздің балаңызды Алматыдағы әскери госпитальға жедел алып бара жатыр» деді. Содан хабарсыз кетті. Кешке ғана подполковник Руслан Жылқыбаев қоңырау шалып, «Бәрі жақсы, қазір дәрігерлер асқазанын тазалап жатыр, жара бар сияқты» деді. Бірақ біз сонда да Алматыдағы туысқанымызды ауруханаға жібердік, ол баланың жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Сонда кім кімді алдап отырғаны белгісіз! Ата-енем сол күні түнде Алматыға ұшты», – деді Ақниет Суюнгалиева.
Баланың анасының айтуынша, лейтенант сарбазды соғып, өз жұмысын істетіп қойған. Оған қоса, әскерге керек зат алу үшін ақша сұратқан. Осылайша бала бірнеше несие алған.
«Өлім қорытындысы бойынша жүрегі тоқтап қалған. Сот-медициналық сараптама әлі шықпады, 1-2 ай уақыт алады деді. Бізге тергеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Кінәлі адамға, яғни лейтенант Ш. Жанботаға санкция жарияланып, ол ұсталған. 4 куәгер сұралып жатыр», – деді Ақниет Суюнгалиева.
Марқұм сарбаздың жеңгесінің айтуынша, тергеушілер күдіктінің ұсталғанын ауызша ғана айтып, ешқандай құжатпен растамаған.
Massaget.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің Әскери тергеу департаменті сауал жолдады. Алайда құзырлы орган бұл іске қатысты қандай да бір ақпарат беруге, пікір білдіруге бас тартты.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес ақпарат бере алмаймыз», – деді баспасөз қызмет өкілдері.
Осыған қатысты сарбаздың жақындары құзырлы органға қояр сауалы мен талабы барын айтты.
«Неге бала больницада жатқанда білікті дәрігерлер әкелмеді? Сарыөзек горнизонының басшысы Абеков Жасулан Садуұлы неге ауруханаға келмеді? Неге баланың жағдайын сұрамады? Неге қадағаламады? Лейтенанттың ісінен хабары неге жоқ? Балалардың соққыға жығылатынынан неге хабары жоқ? Неге қағазды сарбаздардың ақшасына алады?» – деді ол.
Досымжан Сәлімжанның жақындары кінәлінің жауапқа тартылғанын, істің аяғына дейін жүргізілуін, материалдық шығынның өтелуін талап етті.
Еске салайық, 13 мамырда Жетісу облысында 19 жастағы сарбаз қайтыс болғаны хабарланған еді. Қайғылы жағдайды сарбаздың туғандары растады.
Қайтыс болған сарбаздың анасы бір күн бұрын Fаcebook-желісінде ұлының әскерде таяқ жегенін, салдарынан жансақтау бөліміне түсіп қалғанын айтып, Президентке үндеу жолдаған еді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<