Тамшы судың сұрауы бар

114

0

Кей ғалымдардың кезінде айтқан болжамдары дөп келіп жатыр. Су тапшылығы, әсіресе, Сырдария өзенінің бойында ахуал өзекті. Әр күнді санап су алып отырған диқан үшін бұл науқанның шешуші сәтіне жету оңай емес. Үнем, жаңа технология бәрі-бәрі електен өтіп, өндіріске алынуда.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйым­дастыруымен өткен семинар-тренингте осы мә­­селелер жан-жақты таразыланды. ҚР Пар­ла­менті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, ғалымдар, шаруашылық басшылары және сала мамандары пікір талқысын жасап, ойларын ортаға салды.

Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақыл­да­рын тұрақты суаруға 3,9 млрд текше метр су ли­миті белгіленген. Мемлекетаралық су ша­руа­­шылығын үйлестіру комиссиясының отырысында вегетациялық кезеңде «Шардара» су қоймасына 3,7 млрд текше метр, оның ішінде 1 сәуір-20 тамыз аралығында 3,1 млрд текше метр су түсу болжамы жасалған. Алайда, нақ­ты түскені бар болғаны 2,1 млрд текше метр. Мұны­ңыз меженің 67 пайызын ғана құрайды. Су тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдайда тұрақты мониторинг және кеңінен түсіндірме жүргізу үшін барлық ауданда арнайы жұмысшы тобы құрылған. Келген су көлемін тиімді пайдалану мақсатында қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бойынша облыста 324 насос қондырғысы жұмыс жасауда.

Бүгінде каналдар арқылы Сырдария өзе­нінен нақты 3,3 млрд текше метр су алынып, егістікке 2,5 млрд текше метр су берілді.

– Биыл өңірдің аграрлық саласы үшін сын­дарлы кезең болды. Әрбір тамшы судың қа­дірі артты. Облыс басшылығының тікелей ба­қылауымен суды тиімді пайдалануға мән бе­рілді. Су тапшылығы жағдайында егінші­лер­дің жергілікті «Сыр сұлуы» сортының тиім­ділігіне көзі айқын жетті. Суды тиімді пайдалану текке айтылған мәселе емес. Өзгеретін уақыт келді, егіншілік мәдениетін қалыптастыратын кез жетті. Суды бағалай білейік, – деді об­лыстық ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Сенат депутаты Руслан Рүстемов мемлекет тарапынан су ресурстарын басқаруда тиісті іс-шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті. Ұзақ уақыттан бері айтылып келе жатқан «Су Кодексі» аграрлық саладағы көп түйткілдің оң шешімін табуына ықпал етті. Екі жылдан астам қоғам талқылауынан өткен маңызы құжат ендігі кезекте су ресурстарын тиімді пайдалану ісін жолға қояды. Су кодексінде гидротехникалық құрылғылардың жай-күйі, оларды қайта жаң­ғырту мәселесі арнайы назарға алынған. Алдағы уақытта Қазақстан Үкіметі 2030 жылға дейін су ресурстарын дамытудың тұжырымдамасын қабылдайды. Оған қоса 2028 жылға дейін су саласын дамытудың кешенді жоспары бекітіледі. Сондай-ақ кодекс бойынша алдағы жылдан бастап су тарифін бекіту Ұлттық экономика министрлігінен Су ресурстары және ирригация  министрлігі құзырына өтеді. Бұл – жаңадан құрылған министрлікке үлкен сенім. Жаңа заңға су құрылғылары және су саласы техникаларының аудиті енгізілген. 

– Тағы бір атап өтерлігі, бассейндік су инспекцияларының қызметіне тергеу секілді жаңа функция беріледі. Яғни, су нарығын зерттеу, зерделеу, бақылау және қадағалау инспекция құзыретіне өткізіледі. Сондай-ақ елді мекен жанындағы қарғын суларды егін және мал шаруашылығына пайдалануға қатысты жақсы тетіктер қарастырылған. Айтылған мәселенің барлығы кодексте көрініс тапты. Қазір салалық министрлік жұмыс жүр­гізіп жатса, ұлттық гидрологиялық қызмет құрылып жатыр. Шындығында, гидрологиялық қызмет елімізде ұзақ уақыт бойы ұмыт қалды. Салдарынан жерасты су қоймаларын, олардың мүмкіндігін зерттеу назардан тыс қалып қойды. Ендігі кезекте жаңа құрылым сол олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз. Алдағы уақытта жыл сайын елде су қоры қанша, оны пайдалану жолы қандай деген мәселелер халықтың ашық талқысына ұсынылады. Мемлекет басшысы тұрақты түрде су мәселесін шешу үшін тиісті іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Биыл су тапшылығы өткен жылдармен салыстырғанда күрделі жағдайда өтіп жатқанын білеміз. Бір аптадай бұрын мен күріш ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен жүздескенде су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты ұсыныс-пікірлерді тыңдадым. Бұл мәселелерді Парламентте аймақтан сайланған депутаттар жиі көтеріп келеміз. Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесіне көңіл бөлгеніміз жөн. Қазір жүгері өсіруге байланысты еліміздің өзге өңірлерінен инвесторлар тарту ойластырылуда. Одан өндірілетін крахмалдың пайдасы мен тиімділігі зор. Мамандардың айтуынша, Алматы облысы жеріндегі балбанит бізден төмендеу екен. Онда өнімділік гектарына 7 тоннаны құрайды. Бізде ешқандай тыңайтқыш пайдаланбай-ақ өнімді 10 тоннадан алуға болады. Ал агротехнологиялық талаптар сақталған жағдайда одан да жоғары өнімге қол жеткізуге болады,  – деді Руслан Рүстемұлы.

Сенат депутатының айтуынша, «Су Ко­дексі» бойынша 2026 жылдан бастап үнем­деу технологиясын енгізген және лазерлік тегістеу жүргізген, тамшылатып суару әдісіне көшкен шаруашылықтарға берілетін субсидия көлемі 50 пайыздан 80 пайызға дейін көбейеді. Ал мұндай талапты сақтамаған құрылымдарға берілетін субсидия 35 пайызға дейін төмендейді.

Облыстық мәслихат депутаты, «Қазсушар» Қызылорда филиалының басшысы Жорабек Нұрымбетовтің айтуынша, жаңадан қабылданған «Су Кодексі» көп мәселені ретке келтіруге жол ашты. Онда мамандардың ұсыныс-пікірлері кеңінен қамтылды. Кейінгі жылдары аймақта суды үнемдеу мәселесіне байланысты тың жобалар қолға алынып отыр.

– Қазір әлем бойынша су ресурстарының тапшылығы жиі айтылып жүр. Мәселен, күріш ғылыми-зерттеу институты ғалым­дары тарапынан «Қарауылтөбеде» кейін­гі үш жылдың ішінде жаң жобалар жүзеге асты. Ашығын айтайық, қай кезде де ғылымсыз өркендеу мүмкін емес. Нәтижесінде жергілікті ғалымдар суды 20-25 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар екенін нақты дәлелдеді. Олардың қатарында жерді лазерлік тегістеу, ішкі су жолдарын тазалау, кезек бойынша суару секілді талаптар бар. Мұндай оң істер облыс шаруашылықтарында кеңінен қанат жайып келеді. Бұл күріш дақылының қалыпты деңгейде өсуіне, өнімділікке оң әсерін тигізді. Осы мақсатта облыс басшылығы тарапынан тиісті іс-шаралар атқарылғанын жақсы білеміз, – деді Ж.Нұрымбетов.  

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу институты басқар­ма төрағасының орынбасары, техника ғылымда­рының кандидаты Жан­ұзақ Байманов айтқандай, суармалы егінші­лікте әлемдік және отандық тәжірибе көр­сеткендей сапалы тегістелген атыз – тұ­рақты түрде мол өнім алудың кепілі. Оған қоса су қорын үнемдеуге қол жеткізеді. Бұл негізгі факторлардың бірі екендігі дәлел­денген. Қазір техниканың соңғы жетістігін пайдаланып, атыз тегістігінің дәлдігіне көз жеткізу керек. Күріш атыздарының тегістігі өнімділікті гектарына 19,9 центнерге (47%) арттырады. Ал бір тонна қара күрішті өндіруге кететін су көлемін 621 текше метрге (36%) дейін үнемдейді.

– Ашығын айтқанда, Сыр өңіріндегі суар­малы алқаптардың жағдайы өте төмен. Яғни, кү­ріш атыздарының тегістігі талапқа сай емес. Суару және қашыртқы-кәріз желісі көмі­ліп, жақтауы құлап, қамыс басып кеткен. Кей­бір гидротехникалық құрылыстар істен шыққан. Бұндай жағдайда егін алқабында суды үнемді пайдаланып, ауыл шаруашылығы дақыл­дары­нан жоғары өнім алу мүмкін емес. Ал автомат­тандырылған құрылғылар күріш атызына су беру, есепке алу және қашыртқылауды тәулік бойына қамтамасыз етеді. Бұл жағдай су ресурстарына жауапты мамандардың жұмысын жеңілдетеді, еңбек өнімділігін арттырады. Оған қоса және құрастырылуы мен басқарылуы оңай, бағасы қолжетімді. Елімізде күрішті көшеттеп өсіру тәсілін зерттеулер 1998-2000 және 2018-2019 жылдары жүзеге асты. Оған Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бәкірұлы жетекшілік жасады. Ғылыми жұмыстар қазір институттың тәжірибе алаңында кеңінен қолданылуда, – деді Жанұзақ Байманов.

Еліміз бойынша күріш егісінің көлемі 100 мың гектарды құрайды. Оның 90 пайызға жуы­ғы Сыр өңірінің үлесінде. Қалғаны Алматы, Же­тісу, Түркістан облыстарында өсіріледі. Күріш – елімізде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты өсім­дік шаруашылығы саласының бірі. Ел хал­қы­ның күрішті қайта өңдеу өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 116-120%-ға жетеді. Қажетті су ресурстары болған жағдайда Қа­зақстан бүгінде 500 мың тоннаға дейін күріш жармасын өндіре алады.

– Болжамға сүйенсек, трансшекаралық өзен­дердің ағыны 2030 жылға қарай 40%-ға қысқаруы мүмкін. Су қорына деген сұраныстың тез өсуі және тұрақты қо­рының азаюы байқалады. Мәсе­лен, әлемде 2030 жылға қарай 14 млрд текше метр мөлшерінде су тапшылығы болады деген деректер айтылады. Ол 2050 жылға қарай 20 млрд текше метрді шамалайды. Сондықтан ауыспалы егісте дәс­түрлі тәсілдерді қолдану, заманауи авто­маттан­дырылған қондырғыларды ен­гізу, каналдар жүйесін таза ұстау, олардың бо­йындағы су шығынымен күрес, гидротех­ни­калық құрылыстарды талапқа сәй­кестендіру, күріш атыздарын лазерлі тегістеу ескеріл­гені жөн. Сондай-ақ егіс­тікте ылғал сақта­ғыш препараттарды қол­да­ну, суару режи­мін дұрыс сақтау, ауыспалы егін жүйе­сінде күріштің үлесін азайту және суды аз пайдаланатын дақылдар енгізу, уақытылы су пайдалану жоспарын жасау үлкен мәнге ие. Қысқасы, бәріне өлшем, сауатты құрылған есеп керек, – деді Ж.Байманов.

Қалай десек те, жылдан-жылға су ресурсына байланысты мәселе күрделеніп келеді. Әрбір тамшы судың қадірін біліп, қажетке асыру қажет.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»