Таң ерте атып кетіп жатыр. Бұрынғы уақыт белдеуіне қайтатынымыз рас па?

964

0

Фото: gov.kz

Бұған дейін елімізде батыс аймағы мен басқа өңірлерге қатысты екі түрлі яғни UTC+6 сағаттық белдеуі болған. Енгізілгеніне 5 айдан аса уақыт болса да UTC+5 өзгерісіне қатысты түрлі пікірлер толастар емес. Тіпті бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы арнайы петицияға қол жинап жатқандар да бар. Қажетті 50 мың қол жинаған жаңа уақыт белдеуіне қарсы топ мәселені қарауды үкіметке ұсынды. 21 маусымда оның алғашқы отырысы да болып өтті.

Inbusiness.kz тілшісі қоғамда екі түрлі пікір тудырған мәселеге қатысты сарапшы мамандардың пікірін білді.

Бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы топтың өкілі, Халықаралық құқықтық бастама қоғамдық қорының бағдарламалар директоры, Амангелді Шорманбаев ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуінің болуы тұрғындарға айтарлықтай зардабы бар екенін айтады.

«Бірыңғай уақыт белдеуі өте зиянды. Оны петицияны қарастыру бойынша құрылған жұмыс тобының бірінші отырысында медицина, биохимия психиатрия саласының мамандарынан жиналған ғалым мамандар нақты дәлелдермен атап өтті. Олардың айтуынша біздің елде аймақтардың орналасуына байланысты негізінен 3-4 түрлі уақыт белдеуі болуы керек екен. Ал Үкімет қаулысымен бекітілілген бір ғана уақыт белдеуінен көптеген азаматтарымыз айтарлықтай зардап шегіп жатыр. Әсіресе Шығыс Қазақстан аймағында орналасқан тұрғындардың тартып отырған зардабы ерекше орасан. Мысалы, қазіргі біріңғай белдеу бойынша таң сағат 3-те атады. Ал адамының биологиялық ритмдері бойынша ол кезде ұйықтап жатуымыз керек. Ұйқы қанбағандықтан адам қант диабетінен бастап қан қысымы көтерілуі, жүрек талма аурулары секілді бірнеше дертке душар болады екен. Тіпті түрлі қатерлі онкологиялық ауруға да ұшырауы мүмкін екенін айтты, – дейді құқық қорғаушы заңгер.

Спикер заңгер ретінде үкіметтің бұл шешімі Конституцияға қарсы келетін әрекет деген пікірін де ортаға салды.

Оның айтуынша бұл шешім ҚР азаматтарының өз денсаулығын сақтау, және қорғау құқығына шектеу салады.

«Астана медицина» университетінің аға оқытушысы Бағай Назарбайұлының пікріне сенсек, жоғарыдағы спикер айтқан дәлелдер негізсіз сияқты.

Оның пікірінше, бірінші наурыздан бастап қабылданған UTC+5 белдеуі ғылыми тұрғыдан алғанда адам денсаулығына айтарлықтай пайдасы бар көрінеді.

«Адам ағзасындағы 12 жұп энергия канал тәулік бойы биореттілік бойынша жұмыс істейді. Мысалы, күндізгі сағат бір және түнгі сағат бір өкпенің энергия шығынын толықтыратын мезгілі. Сол сияқты әрбір ағзаның энергия толықтыратын тұрақты уақыты бар. Адам денесіндегі 12 жұп энергия каналының биорежимді жұмысы жер шарының 24 меридиандық сызық арқылы бөлінген 24 сағаттық белдеуімен өзгеріп отырады. Сондықтан да адамдар өзінің табиғи уақытымен жүру маңызды», – дейді ол тақырыпқа қатысты Elorda.Info сайтына берген сұхбатында.

Осыған дейін қолданыста болып келген UTC+6 сағаттық белдеуі десинхроноз секілді мазасыз жағадайларға ұшырауға әкеп соқтырады екен. Бірыңғай уақыт белдеуі ел тұрғындарының өмір жасын ұзартуға да септігі тиетін көрінеді.

«Өзгерген уақытқа бейімделіп алған соң, балалардың өсіп-жетілуі, жан-жақты дамуы, жалпы халықтың еңбекке белсенділігі артады.  Қоғамдық денсаулық нығаяды, адамдардың өмір сүру жасы ұзарады. Қолданыстағы UTC+6 сағаттық белдеуі көп айтылып жатқан десинхроноз, яғни биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуі ұзақ уақытқа созылған шаршаудың, депрессияның, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуінің себеп болады. Мұның бәрі иммунитеттің, жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа да аурулардың дамуының қауіпті факторлары. Циркадиандық немесе биологиялық ырғақтар біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Ал, бұлар бұзылса ағзаның түрлі стресстерге қарсы тұруы қиындайды», – дейді ғалым.

Қалай болғанда да елдегі бұрынғы уақыт белдеуін қайтару мәселесі күн тәртібінде қызу тұрғаны рас. Оған дәлел ретінде осы идеяны қолдаушылардың аз уақыт ішінде 50 мың қолдаушы қол жинағанын айтуға болады.

Осылайша, өз петицияларын үкіметтік деңгейде арнайы жұмыс тобын құрғызып қайта қарауға дейін жеткізе алды.

Айта кетейік, қолданыстағы заңға сәйкес кез келген үкіметтік шешімге қарсы петиция 50 мың жақтас жинай алған жағдайда оны Үкімет қарауға міндетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<