Танымал агенттік Қазақстан жастарына зерттеу жүргізді

377

0

Танымал агенттік Қазақстан жастарына зерттеу жүргізді BRIF Research Group агенттігі қаладағы жас тұрғындардың өмірлік ұстанымы мен көзқарасына қатысты зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі LS порталына сілтеме жасап.
2017 жылдың жаз және күз мезгілінде Қазақстанның 7 қаласындағы 14-30 жас аралығындағы жастармен онлайн-форум және фокус-топтар топтамасын, сарапшылар сауалнамасын, 627 респондент сауалнамасын және статистикалық көрсеткіштер талдауын қамтитын кешенді зерттеу жүргізілген болатын.
№1 факт. Қазақстандық жастардың басым бөлігі қарапайым және консервативтік сипаттағы өмірлік мақсаттарға ұмтылады. Стартаптар ашу, Цукербергтің қызмет жолы немесе жаһандық су басуды тоқтату қазақстандық жастардың көбісіне тән емес. Отбасы ұғымының заманауиландырылуына қарамастан, жас жігіттер мен бойжеткендер үшін басты міндет – отбасын құрып, бала сүю. Бұл мәселеде Қазақстан жастары Еуропаның жас тұрғындарына қарағанда әлдеқайда жауапкершілікпен қарайды.
Сауалнамаға сәйкес, Қазақстан жастарының 10-15%-ын ғана индивидуалист деп атауға болады. Яғни, олар ең алдымен өздерінің өмірлік мақсаттарын (қызмет, саяхат, өзін-өзі дамыту және сол сияқты) іске асыруды ойлайды. Астана мен Алматы қалаларында мұндай жастардың үлес көрсеткіші әлдеқайда жоғары.
№2 факт. Жұмыс – бұл тек ақша табу көзі ғана. Көп жағдайда қазақстандық жастар жұмыс істегісі келмейді, бірақ табыс тапқылары келеді. Олар дәулеттілік пен жайлылыққа бейімделген. Бірақ, жұмыс олардың көздеген мақсаттары емес, яғни, жастар көп дүниеге ие болғысы келеді, алайда, ол үшін тым көп жұмыс істегісі келмейді. Армандары – «жоғары жалақы және аз еңбектену».Сені қандай да бір қызметке туыстарың орналастырып беруі жақсы нұсқалардың бірі болып табылады. Өңірлердегі көптеген жас қазақстандық үшін мемлекеттік қызметте және мүмкіндігінше ол қызметтің Астанада болуы армандарының шегі болып табылады. Ойы заман ағымымен бірге үйлескен, идеяларды жүзеге асыруға, кәсіби тұрғыда дамуға тырысатын жастар, өкінішке қарай, соншалықты жиі кездесе бермейді. Мұндай жастардың үлесі Қазақстанның ірі қалаларында жоғары.
№3 факт. Жастар оқып, білім алғанды да ұнатпайды. Көбісі болашақ мамандығын дұрыс таңдамайды. Негізінен, жастардың басым бөлігі оқуға ниеті жоқ, оның еш пайдасын көрмейді және оқу процесіне тек қалай болса солай қарайды.Көбінесе, диплом алу үшін ғана оқиды, себебі, дипломсыз жұмысқа орналасу қиын. Болашақ мамандықты дұрыс таңдамайды және бұл мәселені шешуде көп жағдайда жақындарының, достарының ықпалына, белгілі бір қалыптасқан стереотиптерге сүйенеді.Жастар қандай да бір беделді мамандықты қарастыру кезінде оны табыс көзі ретінде қабылдайды, яғни, мамандық иесі болсаң, ақша да келеді деген түсінік қалыптасқан. Көп жағдайда, талапкерлер, ата-аналар еңбек нарығына талдау жасамайды. Беделді, болашағы бар деп саналатын мамандықтар шындығында ондай сипатта емес екенін түсіне бермейді. Сол себепті, елде техникалық мамандықтар жетіспейтінін жан-жақтан атой салып айтып жатса да, гуманитарлық салада мамандар дайындаудағы келеңсіздіктер орын алып отыр.Білім сапасының жеткілікті деңгейде болмауы да білім алуға деген құштарлықты бәсеңдетеді. Көбісі шетелдік ЖОО-ны Қазақстанда білім алудан жоғары қояды.
№4 факт. Жастар арасында қоныс аударуға деген ниет өте күшті. Зерттеу көрсеткендей, жас қазақстандықтардың көбісі (шамамен 41%) Қазақстаннан біржола көшіп кету жайында немесе шетелде әлдеқайда білім алып келуге құштар. Мұндай үрдістің пайда болуына экономикалық жағдай әсер етіп отыр. Олардың көбісі табысты жұмыс, қызметтегі ілгерілеулер үшін барады. Айта кету керек, Қазақстаннан кетуге деген ұмтылыс ел аймақтары бойынша әртүрлі. Мысалы, солтүстік өңірлердегі қазақстандықтардың шетелге кету ниеті жоғары. Ал, қазақ жастары арасында елден біржола кетуге деген талпыныс, керісінше, төмен.
№5 факт. Қазақстандық жастар айтарлықтай мобильді және саяхатқа құштар. Жастар саяхатқа аттануды армандайды және саяхат маңызды жоспарлардың тізімінде үшінші орында тұр (отбасы мен жұмыстан кейін). Әлемді көріп, керемет әсер алып қайту біздің жастарға тән. Олар қиыр шетел (Еуропа, Мысыр, Түркия, БАӘ, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Канада және т.б.) мен жақын шетел елдеріне (әсіресе, Ресей) қызығушылық танытады.Шетелге саяхатқа аттануға мүмкіндігі жоқ жандар үшін (негізінен, бұл аймақтардағы жастар) Астана, Алматы немесе жергілікті шипажайға аттану да шағын қызықты оқиға болып табылады. Жалпы, жастар күннен-күнге мобильді болып келеді. 
Аймақтық шекаралар бұрынғыдай аса маңызды емес. Телекоммуникация, интернет пен медианың дамуы олардың айналасында бүтіндей бір әлем бар екенін көрсетуде. Сондықтан, әрине, олар онымен танысқылары келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<