Тапсырма толық орындалады

80

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдейтін цифрлық технологияларды енгізу шаралары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, баяндама жасады.

– 2024 жылдың қорытындысы бо­йынша облыс халқын орталық­тан­дырылған ауызсумен қамту деңгейі 98,6 пайыз болды. Өңірде орта­лықтандырылған ауызсу жүйесіне 9 ауылдық елді мекен қосылмаған. Оның 5-еуін топтық су құбырына қосу және 4-еуіне ішкі су жүйелерін салу жоспарланған.

Өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен қа­жетті қаржы бөлініп, бүгінде құ­рылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Осы жылы Президентіміздің ха­лықты 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту тапсырмасы толық орын­да­лады, –  деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жол­да­уында 2025 жылдың соңына дейін ел тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тап­сырды. Осыған сәйкес, біздің басты міндетіміз – жыл соңына дейін өңір тұр­ғындарына сапалы ауызсуды толықтай жеткізу. Тапсырманың мер­зімінде орындалуын қамтамасыз етіңіздер.

Жаз мезгілінде ауызсу қысымына тұрғындар жиі шағымданатыны белгілі. Осыған байланысты 1 апта ішінде тұрғындарға ауызсудың жет­кізілуі мен көрсетілетін қызметтің сапасын тексеріп, тиісті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырыңыздар. Бұл ретте ешқандай олқылық болмауы тиіс. Судың қысымын тұрақты бақылауда ұстап, үздіксіз берілуін қамтамасыз етіңіздер.

Қала, аудан әкімдеріне, облыстық басқарма, аумақтық департаменттер мен инспекция басшыларына қатаң ескерту жасаймын, өз аумақ­тарыңыздың тазалығын сақтау, көгал­дандыру, көркейту және абат­тандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырыңыздар, – деді облыс әкімі.

Бүгінде Мемлекет басшысының қалалардағы кәріз тазарту стан­ция­ларын жаңғырту жөніндегі тап­сыр­масына сәйкес, арнайы Жол кар­тасы бекітіліп, тиісті жұмыстар ат­қарылуда. Қызылорда қаласында қуат­тылығы тәулігіне 70 мың текше метр биологиялық тазарту стан­циясын жаңғырту қолға алынған.