Тапсырыс ерте берілсе өңірлерге көмір қазан айына дейін толық жеткізіледі – ҚТЖ-Жүк тасымалы

286

0

Тапсырыс ерте берілсе өңірлерге көмір қазан айына дейін толық жеткізіледі - ҚТЖ-Жүк тасымалы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ биыл 107 млн тоннаға жуық көмір тасымалдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Компания басшылығы екінші жарты жылдықта көмір тасымалдауды тиімді ұйымдастыру мақсатында Семей, Павлодар, Қарағанды теміржол бөлімшелері, ірі көмір кеніштерінің басшылығымен, жүк жөнелтушілердің қатысуымен жергілікті жерлерде кездесулер ұйымдастырып, осы өзекті жайды талқылады.

«Компания 2018 жылы 106,5 миллион тонна көмір тасымалдауды жоспарлап отыр. Оның 71,9 миллион тоннасы республика ішілік бағдарларға жіберіледі. Биылғы болжалды тасымал көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,5% жоғары болмақ», – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ вице-президенті Марат Шәкенов.

«Егер де көмір тиеуге тапсырыстар маусым айынан бастап біркелкі жүргізілетін болса, онда біз әлеуметтік-тұрмыстық көмірлерді қазанның 1-іне дейін тиісті өңірлерге жеткізіп бере аламыз», – дейді М. Шәкенов.

Оның айтуынша, тапсырысты дер кезінде беру алдағы жылу беру маусымы қарсаңындағы жергілікті тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық көмір жеткізудегі дау-дамайды болдырмайды.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Жүк жөніндегі атқарушы директоры Айдар Исақов жүк жөнелтушілерге ай сайын жыл аяғына дейін тасымалдауды жоспарлаған көмір жүктері туралы ақпараттарды алдын ала берулерін сұрады. «Біз сонда ғана көмір тасымалдауды біркелкі, нақты жоспарлап жүргізе аламыз. Көмірдің айлық орташа тиелуі шамамен 8,7 миллион тонна көлемінде болуы тиіс», – дейді А. Исақов.

Теміржолшылар жүк жөнелтушілердің жылжымалы құрамды тиімді пайдаланса, вагондардың жүк тиелмей бос тұрып қалуын болдырмай, әлеуметтік-тұрмыстық көмірдің жылу орталықтарына да күн суытпай жеткізілуін қамтамасыз етуге болатынына сенімді.

Өңірлердегі келелі кеңестерде стратегиялық жүктерді жеткізудің жайы жан-жақты қаралды. Оның ішінде Жылу орталықтарына қатты отынды жеткізу жоспарларын қайта қарау көзделуде. Көмір жеткізу жоспарын орындамау көбіне жүк жөнелтушілердің меншігінде вагон паркі жоқ компаниялармен келісім жасауынан да туындап отыр.
Еске сала кетсек, былтыр күзде Қазақстанда көмір нарығында баға көтеріліп, қатты отын жеткізілуінде тапшылық туындаған болатын. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, көмір бағасының шарықтауына делдалдар ықпал еткен. Сонымен қатар жылу маусымы өту кезінде көмір өндіруші компанияларға көмір тиеуге арналған вагондар уақытында ұсынылмауы тапшылықтың туындауына себепші болған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<