«Тақиялы депутат»: Ұлттық киім ұлттық рухты қалыптастырады

354

0

Фото: Мәжіліс

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев соңғы уақытта ұлттық киімге деген сұраныстың арта бастағанын аңғарғанын айтады. Тіпті, Парламент қабырғасындағы әріптестерінің жұмысқа ою-өрнегі бар киімдерді киюге қызығушылығы арта бастаған, деп хабарлады Қазақпарат.

Мәжіліс депутаты студенттік кезден бері тақия, тымақ киіп, жеңіл жейдесіне ұлттық элементтерді таңбалап жүретінін айтты.

– Әрине, парламентке алғаш келгенде біреулер «тақияңды шешіп таста, бұл жердің өзіндік этикасы, дресс-коды бар» деген ескерту жасайды ма деп ойлағаным рас. Бірақ антты да тақиямен қабылдап, осы уақытқа дейін басымнан шешкен емеспін. Әріптестерімнің көзқарасы дұрыс. Қазір мені қолдап жатқан депутаттардың қатары артты. Алдағы күндері парламент мүшелері жалпы отырысқа ұлттық киім киіп келеді деп күтілуде. Өз басым әріптестерімнің туған күніне тақия, шапан сыйлап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге тырысып жүрмін, – дейді ол.

Дәулет Мұқаевтың «ұлттық киімдердің бағасы қымбат» дегендерге жауабы дайын.

– Сапалы дүниенің қымбат болуы заңдылық. Ерекше дизайнерлік стильмен тігілген киім қымбат болады да. Десе де, киімдерді ұлттық элементтермен көмкеру аса қымбат тұрады деп есептемеймін. Менің басымдағы тақия әрі кетсе 3-5 мың теңге аралығында. Ою-өрнектерді киімге таңбалау да одан қымбат тұрмас. Яғни, қалтаға айтарлықтай салмақ салмайды. «Қымбат» деген нәрсені санамыздан алып тастасақ екен. Ұлттық киім киіп жүру ұлттық рухымызды қалыптастырады. Қарапайым мысал, үй жанындағы дүкенге шапанмен, тақиямен кіріп келсеңіз, өзге ұлттың сатушылары қазақша амандасып жатады. Ал күнделікті киіммен кіріп қалсаң «что искали?» деп автоматты түрде тіл қатады, – дейді депутат.

Айта кетейік, жуырда Дәулет Мұқаев өзінің депутаттық сауалында ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту қажет екенін айтқан болатын.

«Ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш. Ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай елміз. «Біріншіден – ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді. Екіншіден – мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу. Үшіншіден – ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру, халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру. Төртіншіден – мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу әрі халықаралық түрлі жарыстарға баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу», – деген еді Мәжіліс депутаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<