«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйла Төрешова жергілікті БАҚ өкілдеріне 9 айда атқарылған жұмыстарды таныстырды.
Партияның 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге!» бағдарламасын жүзеге асырудың арнайы Жол картасы әзірленген. Ондағы 110 тармақтың 32%-ы жүзеге асып, 68%-ы орындалуда. Мәселен, Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында спорт кешенінің құрылысы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3300 орындық 5 мектеп пайдалануға берілді.
Жалпы 9 айдың ішінде аймақтық және аумақтық филиалдар бойынша партиялық бақылау комиссияларының 73 отырысы ұйымдастырылған. Оның 9-ы аймақтық, 64-і аумақтық деңгейде. Комиссия отырысы мен рейдтік жұмыс барысында 466 ұсыныс әзірленіп, 329-ы орындалған. Бір айта кетерлігі, облыста партиялық жауапкершілікке тартылғандар жоқ.
– Сайлауалды бағдарламалардың уақытылы іске асырылуына үлкен үлес қосып келе жатқан келесі орган бұл – партия филиалдары жанынан құрылған түрлі бағыттағы кеңестер. Жыл басынан 45 отырысы өтіп, онда 135 мәселе қаралып, 197 ұсыныс көтерілді. Барлық кеңестер партия мақсатының орындалуына жүйелі бақылау мен бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасауды қамтамасыз етуде. Сонымен бірге түрлі мәселелер бойынша нақты практикалық шешімдерді әзірлейтін диалог алаңдарына айналды, – деді атқарушы хатшы.
Партияның барлық филиалдарында қабылдау бөлмелері жұмыс жасайды. Онда азаматтар көтерген мәселелер бойынша арнайы «Ашық есік күндері» мен «Құқықтық көмек», партия жобалары аясында тақырыптық қабылдаулар өткізіліп, тұрғындарға тиісті кеңес пен көмек көрсетіледі. Мәселен, 6092 арыз-өтініш түссе, оның 62,8 пайызы оң шешімін тапқан. 2170 өтініш бойынша заңнамалық түсіндірме мен құқықтық кеңес беріліп, 92 өтініш негізінде жұмыс жасалуда. Республикалық деңгейде салыстырмалы түрде тіркелген өтініштер саны бойынша өңір 4-ші, ал оң шешімдер үлесінде 20 аумақтық филиалдың ішінде 6-шы орында.
«Құқықтық көмек» жобасымен өткен 32 тақырыптық қабылдауға 178 тұрғын жүгінген. Оның 17-не көмек көрсетіліп, 11-не толық құқықтық сүйемелдеу жүргізілген. Биыл жоба аясында қабылдаулар тек облыс орталығы мен қала статусы бар елді мекендерде өткізілуде.
Партияның бастамасымен жүзеге асқан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өткен жылы 11 мың адамды оқыту жоспарланып, өңірде 11210 адам тегін қаржылық сауаттылық арттыру курсынан өтті. Биыл жоба жалғасын тауып, ақпан айында 90 күннен астам берешегі барлар оқытылып жатыр. Қазіргі таңда 2745 азамат оқудан өтсе, 9390 азаматқа кеңес берілген.
«Жер аманаты» жобасы бойынша биылға жоспарланған 60 мың гектардың 51 мыңы қайтарылды. Қайтарылған жер мақсатты пайдалану үшін азаматтарға қайта табысталуда.
Қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың белсенділігін арттыру үшін «AMANAT» партиясының барлық өңірлердегі филиалдары жанынан «Әйелдер қанаты» құрылған болатын. Ол жұмысын «Анаға тағзым» орталығында негізгі 10 бағыт бойынша жүргізілуде. Бүгінге дейін 1000-нан аса әйелдің қатысуымен 35 шара ұйымдастырды. «Әйелдер қанаты» отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетіп, ғылыммен айналысуына жағдай жасауға ықпал етуде. Қазір барлық аудандарда құру жоспарлануда.
Жалпы партияның 9 айда атқарған жұмысы ауқымды. Халыққа ұсынған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда түрлі бағыттағы іс-шаралар жалғаса бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





