Қызылорда – көркіне көрік қосып, жылдам дамып келе жатқан шаһар. Мұны осында тұрып жатқан өзімізден бұрын сырттан келген жұрт бірден байқайды. Жуырда ғана өңірде өткен Ұлттық құрылтайда Президент қаланың ел өміріндегі тарихи орнын айшықтап, даму қарқынын оң бағалады. Мемлекет басшысының «Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін. Облыс орталығымен қатар әр ауылдың тазалығы көз тартады» деген сөзі жергілікті тұрғындардың рухы мен аймақ мәртебесін асырды.
Мұның құр сөз емес, облыс басшысының қолдауымен және бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстың айқын нәтижесі екенін өңірлік коммуникациялар брифингінде қала әкімі Нұржан Ахатовтың сөзі айғақтай түсті. Өткен жылдың басында 73 млрд 100 млн теңгемен бекітілген қала бюджеті жыл соңында 154 млрд 200 млн теңгеге жетті. Көрсеткіш – 210,9 пайыз. Ал биылғы бюджет – 94 млрд 200 млн теңге. Қазіргі таңда оның көлемі 140 млрд 460 млн теңгеге жетті. Қаражат өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталып отыр.
– Халықты баспанамен қамтуда республикада алдыңғы орындамыз. Былтыр көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен сатып алу үшін 35 млрд 812 млн теңге жұмсалып, 1890 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Биыл кезекте тұрған отбасыларға пәтер сатып алу үшін облыстық бюджеттен 39 млрд 474 млн теңге бөлініп отыр. Өткен жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 30 млрд теңге қаралды. Соның есебінен 79 көше қайта жаңғыртудан, күрделі және орташа жөндеуден өтті. Негізгі көшелердің бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын жаңғырту екі кезең бойынша жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аспалы көпірден бастап Сағымбаев көшесіне дейінгі аралықтағы жол қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Күнделікті тіршіліктің тынымсыз қозғалысы үшін көпірдің маңызы зор. Сол себепті оған аса мән беріледі. Сондықтан біз аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпірін де қайта жаңғырттық. Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын «Қызылжарма» каналының үстінен өтетін автожол көпірін салып, іске қостық. Одан бөлек, әуежай жолындағы «Шіркейлі», Сыздық, «Жаңадария» көпірлері қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ» көпірі жаңаланды. Қазіргі кезде Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін теміржол асты өткелінің құрылысы жүруде, – деді шаһар басшысы.
Жергілікті билік орталыққа ғана емес, кенттер мен ауылдардағы, шет аймақтардағы жолдардың сапалы болуына басымдық беріп отыр. Өткен жылы Бәйтерек, Шанхай, Титов, КБИ, Саяхат шағын аудандарындағы 35 көшеге асфальт, «Эдельвейс», «Ягодка» саяжайларының 20-ға жуық көшесіне тас төселді. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің (Ақмешіт, 3-ірілендірілген квартал, Астана-1, 2, Арай-3, Тоқмағамбетов, № 3 үй) аулаішілік жолдары жаңартылды. Халық қатысатын бюджет жобасы арқылы ұзындығы 4 шақырым 7 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Бұл бағыттағы іс-шаралар биыл да жалғасады. Назарбаев даңғылының Баймаханов көшесінен бастап Тасбөгет кентіне дейінгі аралығы күрделі жөндеуден өткізілмек. Бұл жұмыстың қатарына Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Есенов көшелері енді. Сондай-ақ Баймаханов пен Шәменов көшесінің аралығына дейінгі Спанов көшесі қайта жаңғыртылады. Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы Маханбетов көшесіне жалғасып, Марал ишан көшесінің кіреберіс қақпаға дейінгі аралығы жаңа кейіпке енбек. Қала басшылығы бұл жобалар үшін мемлекеттік сараптама қорытындысын күтіп отыр. 2 млрд 659 млн теңгеге кент және ауылдық округтердің 29 көшесіне қайта жаңғырту, орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Тізімде Белкөл кентіндегі орталық көше, Тасбөгет кентіндегі Шоқай, Олжабайұлы, Әбенов, Абай, Қызылжарма ауылдық округіндегі Нақыпұлы, Ділдебаев, Алмағанбетов, Абдулов көшелері, Мейірманов, Алтықұлаш, Қаратау, Тереңсай, Қараарын, Төсбұлақ, Күркіреуік, Терісақпай, Ақсуат ауылдық округіндегі Байтен, Жөнбаев, Сарыкөл, Үсенбаев, Әбиев, Жаңатұрмыс, Қырықбайтақ, №10 «В», Әлімов, Қаратаев, Қызылөзек ауылдық округіндегі Қараөзек бекеті – 4, Құнанбаев көшелері бар.
«Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 5 млрд 526 млн теңгеге 14 жоба жүзеге асырылды. Биыл Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елді мекеніне қосымша скважина орнатылады. Ол үшін 624 млн теңге бөлінді. Биологиялық тазарту станциясын жаңғырту мен автоматтандыру жұмысын аяқтауға 1 млрд 264 млн теңге қаралып отыр. Одан бөлек 697 млн теңгеге қаладағы су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіледі. Осы орайда Қызылорда 100 пайыз сапалы әрі таза ауызсумен қамтылған қала екенін айтуға тиіспіз.
– Тұрғындарды табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыс жалғасын тауып келеді. Газ желісі жетпеген елді мекендерге және қала аумағында қалып қойған аумақтарға «көгілдір отын» тарту үшін 3 млрд 500 млн теңге бағытталды. Шаһар іргесіндегі «Сабалақ» елді мекені газға қосылып, тұрғындар игілігін көре бастады. Ендігі меже – «Қызылөзек» ауылдық округіне, яғни оның құрамындағы үш ауылға газ құбырын тарту. Ол үшін 1 млрд 800 млн теңгеге жоба әзірленді. Қазіргі күні қажет қаражаттың бөлінуі үшін жұмыс атқарылып жатыр. Алдағы уақытта қаланың жаңа бас жоспары бекітіледі. Оған қала жанындағы саяжайлар түгел енеді. Басты құжат негізінде Эдельвейс, Еңбек, Орбита секілді саяжайларға да газ желісі жүргізіледі. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2 млрд 321 млн теңгеге Ақсуат, Досан, Қызылжарма, Қараөзек, Айнакөл ауылдарында және Қараөзек бекетінде жаңа қоныстанған аумақтарға электр желілері тартылып, тозығы жеткендері қайта жаңғыртылды. Шет аймақтар мен шаһардың өзінде қыруар шаруа атқарылып, электр желілерінің тозу деңгейі 57 пайызға төмендеді. Биыл осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 268 млн теңге бөлінді. Біз осындай жұмыстар арқылы тұрғындарға сапалы электр энергиясын ұсынамыз, – деді Нұржан Ахатов.
Облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу іс-шаралары жалғасын тапты. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгеге былтыр осындай жұмыс 20 көпқабатты үйге жүргізілді. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылды. Оған қалалық бюджет есебінен 1 млрд 300 млн теңге қаралды. Сонымен қатар сұранысқа сәйкес Тасбөгет, Белкөл кенттеріндегі, Қызылорда қаласындағы, Сырдария шағын ауданындағы 34 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ағымдағы жөндеуден өтті.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы осы бағыттағы 46 жобаға 359 млн 500 мың теңге несие берілді. Өңірлік инвестициялық орталық арқылы өнеркәсіп саласына тиесілі 20 жоба қолдау тауып, кәсіп иелері 627 млн теңгеге қол жеткізді. Екінші деңгейлі банктер арқылы 86 кәсіпкер 4 млрд 600 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Осылайша жергілікті кәсіпкерлер саны 35 мыңнан, онда жұмыспен қамтылғандар саны 63 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікте 374 млрд 752 млн теңгеге өнім өндірілді. Құны 240 млрд теңге 16 жаңа инвестициялық жобасы іске асты. Бүгінде қаладағы «Жаңа базар» және «Ескі базар» аталып кеткен қос сауда орталығы жаңғыртудан өткізіліп жатыр.
– Экономикамыздың өзегі ауыл шаруашылығында екені сөзсіз. Себебі мұнай қоры жылдан-жылға сарқылып, осы салаға басымдық берілуде. Өмірі Сырдария өзенімен өзектес өңірде биыл аяқсудың тапшылығы ерекше сезілді. Мемлекет басшысының аймаққа сапары барысында да диқандарымыз осы мәселені көтерген болатын. Соған қарамастан аймақ басшысының ұтымды ұйымдастыруының арқасында қажетті шаралар қолға алынып, аграрлық саланың берекесі ортайған жоқ. 8041 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, мерзімінде толық жиналды. Негізгі дақыл күріш 3354 гектарға себілді. Гектарына 52 центнерден өнім жиналды. Биыл да диқандар қауымына қолдау жалғасады. Тек әрбір тамшы судың қадірін біліп, тиімді технологияларды ертерек енгізуіміз керек. Ол үшін лазерлік тегістеу мен тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданылады, – деді шаһар басшысы.
Спикер 2024-2025 жылдары экономиканың барлық саласында 25 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Ал 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадр даярлауға мүмкіндік берді.
Брифингте сондай-ақ білім, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт салаларының даму барысы туралы сөз болды. «Келешек мектептері» жобасы аясында облыс орталығында 5 мектеп, тәулігіне 3 мың оқушы қабылдап, қосымша білім беретін «Сыр жұлдыздары» академиясы, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты балаларға есігін айқара ашты. Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын «Құзыреттілік орталығы» салынып жатыр. Құны 4 млрд 800 млн теңге музыкалық колледж ғимараты бой көтерді. Қала әкімі облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимаратқа көшуі мәдениет пен тарихқа көрсетілген құрмет екенін жеткізді.
– Соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамытуда серпінді жұмыстар атқарылуда. Президент қолдауымен 26 млрд 500 млн теңгеге 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. Сыр халқы асыға күткен стадион өткен жылы 4 қазанда футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды. Дәл осы стадионда «Қала күні» мерекесі аталып өтті. Қазіргі таңда осы іргелі нысанның жалғасы есебінде аумағы 25 мың шаршы метр, құны 20 млрд 500 млн теңге «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Кешенде олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, жүзу бассейні, халықаралық жарыстарды өткізуге арналған 2500 орындық зал қарастырылған. Құны 36 млрд 400 млн теңге 300 орындық көпбейінді аурухана орталығы бой көтеруде. Сонымен қатар 200 орындық перинаталдық орталық пен 500 орындық емхана құрылысы басталып, 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың іргетасы қаланады. Өткен жылы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қолдауымен «Достық үйінің» құрылысы басталып, жыл басында пайдалануға берілді. Ұлттық құрылтайдың тарихи отырысы сонда өтті. Ірі құрылыс нысандарының тағы бірі Президент саябағына қарама-қарсы беттен салынады. Ол – «Қайсар» академиясының ғимараты, – деді Нұржан Ахатов.
Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қызылордада жаңа жылу-электр стансасы салынып жатыр. Оның құрылысына «Акса Энерджи» түрік компаниясы инвестиция жұмсады. Құны 26 млрд 200 млн теңге жоба аясында 623 көпқабатты тұрғын үй ыстық суға қосылуға мүмкіндік алды. Жоба қазір аяқталу кезеңіне жетті.
– «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының нәтижесінде Қызылорда еліміздегі ең таза қалаға айналып, тұрғындарымыздың тазалық этикасы мен ортақ мүддеге жанашырлық көзқарасы қалыптасты. Өткен жылы қалалық мәдени және демалыс паркін, «Қорқыт ата» скверін қайта жаңғырттық. Президент саябағында да күрделі жаңғырту жұмысы жүргізілді. Мұндағы құрылыс әлі де жалғасуда. Жоспар бойынша аталған аумақтағы нысандарды көктем шыға ел игілігіне табыстаймыз. Айта кету керек, саябақ ішінде жылдың 4 мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Оған қоса, Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда. Алдағы күндері Сырдария өзенінің үстінен Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады. Президент саябағында инвестор қаражаты есебінен бес жұлдызды қонақүйдің салынуы да шаһарымыздың келбетін одан әрі арттыра түседі, – деді қала әкімі.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





