Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мәселесі партия назарында

792

0

Сурет «Amanat» партиясы

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы  Партиялық бақылау комиссиясы мен «Экологиялық мәселелер» жөніндегі кеңесінің бірлескен отырысы өтіп, онда өңірдегі тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану барысындағы проблемалық мәселелер талқыланды.

Қызылорда облысы көлемінде 561 тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған, олардың 31-і республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш. 274 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген. Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес мемлекет қорғауына алынған ескерткішке қорғау тақтасы орнатылып, төлқұжаттар, есеп карточкалары, қорғау міндеттемелері рәсімделген. Тарих және мәдениет ескерткіштерін теңгерімге алу жұмыстары толық аяқталып, олар қала, ауыл, кент әкімдіктерінің теңгеріміне берілген. Ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен бірқатар тарихи орындар мен ескерткіштерге реставрациялық жұмыстар да жүргізілген.

«2023 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан республикалық бюджет есебінен Алтынасар, Сығанақ қалашықтарына, Ғанибай мешітіне, Молқалан, Төлегетай-Қылышты ата, Қарасопы кесенелеріне, Көтібар мұнарасына реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Жергілікті бюджет есебінен Қалжан ахун сағанасы мен Абыла желдиірмені жөндеуден өтті. Сонымен қатар қорғау аймағы белгіленген 3 ескерткіш – Қорқыт ата ескерткіш кешені, Сығанақ, Жанкент қалашықтары толығымен қоршалды»,- дейді Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерғазы Алданазаров.

Жиын барасында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы елімізде орын алып жатқан вандализм яғни, тарихи мұраларға қасақана зиян келтіру, бұзу, заңсыз қазба жүргізу, петроглифтердің бетін сызып жазу, ескерткіш аумағын бүлдіру сияқты келеңсіз жағдайлар орын алып, қоғамдық резонанс тудырып отырғанын атап өтіп, алдын алу бағытындағы жұмыстарды пысықтады.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерғазы Алданазаровтың айтуынша осы кезеңге дейін археологиялық ескерткіштерде заңсыз қазба жұмыстарын жүргізген фактілері орын алмаған. Дегенмен, археологиялық ескерткіштер далалық жерде орналасқандықтан, ауа райының қолайсыз әсерінен және жайылып жүрген малдардың сүйкенуі әсерінен қорғау тақталарының құлап, сынып қалған жағдайлары болған. Тұрақты мониторинг жұмыстары нәтижесінде анықталған кемшіліктерге сәйкес жергілікті әкімдіктерге  ұсынымдар беріліп, тақталар қалпына келтірілген.

Жиын соңында тарихи – мәдени ескерткіштерді күтіп ұстау, қорғау, туризмді дамытуға байланысты ұсыныстар айтылды.

Айта кетейік, вандализм әрекеттеріне байланысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы», Қылмыстық Кодекстерінде  жауапкершіліктер айқындалған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<