Тарихпен сабақтас танымдық дүние

289

0

Сыр топырағынан шыққан талантты ақындардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаевтың есімі әдебиеттің айналасында жүрген шығармашылық адамдарына жақсы таныс. Жуырда ақынның «Нұртуған шайыр» атты кітабы жарыққа шықты. ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген, Сыр бойынан шыққан әйгілі Нұртуған шайырдың  кешкен тағдыры мен  кемел ойлы ақындығы жайлы толғанысты дастаны – көркем тілмен кес­теленген келісті шығарма.

«Едіге» жыры, «Мәулімнияз – Едіге», «Орақ – Мамай», «Қарасай – Қази», «Қобыланды» сияқты эпикалық жырлары халықтың өшпес мұрасына айналған Нұртуған Кенжеғұлұлының ақындық һәм азаматтық болмысын арқау еткен туындының мазмұны тартымды, тілі шұрайлы. Оқырманға ой салардай танымдық дүние. Мысалы:

…Мұзбалақ асқақтатқан

мұратын мың,

Жыры оның нағыз өзі

сұрапылдың.

Осылай бүгін тәтті шомады ойға,

Астында шаһбат шайыр

бұла түннің.

Нұртуған шомылғандай

нұрға жаңа,

Толғанып тұрды біраз түн,

далада.

Сонан соң көкірегі бақшадағы,

Жөнелді сандуғаштай

жырлап ала…

деген жыр жолдары ел мұңын арқалаған ақын болмысын еріксіз көз алдыңа әкеледі. Расында, автор ішкі толғанысын шайырдың шығармасымен ұштастыра баяндайды. Алысты болжап, ақылман, кемеңгерлігімен көш алдында жүрген Нұртуған ша­йырдың қамшы сабындай қысқа ғана ғұмырында халқына қалдырған қазынасы бүгіннен асып, болашақ ұрпаққа жетер асыл мұра екені айтылады. Сондай-ақ, тарихи деректер негізінде жазылған «Қарақұм құрылтайы» поэмасында үш ғасыр бұрын әз Тәуке ханның ықпалымен үш жүздің ұрпағы бас біріктіріп, кеңес қылған құрылтайдың ел тәуелсіздігінің бастауы болғанын баяндайды. Ал «Жерұйық» толғауында егеменді қазақ елінің болашағын алып өркениетпен байланыс­тырып, «Мәңгілік елге» айналарына сенім артады.

Кітап жалпы оқырманға арналған, туған жер тамырымен сабақтас танымдық туынды.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<