Тарихта айқын таңбасы, іргелі білім ордасы

161

0

Биыл И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің ашылғанына 95 жыл толды. Тарихы терең білім ордасының негізі 1930 жылы қаланған. Бүгінде колледж өңірдегі кәсіби мамандар даярлайтын іргелі оқу орнына айналды.

Кеше колледждің 95 жылдығы жо­ғары деңгейде аталып өтті. Оған Пар­ламент Мәжілісінің депутаты М.Жа­йымбетов, облыстық білім бас­қармасының қызметкерлері, сала ар­дагерлері, колледжді басқарған аза­маттар, түлектер, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Алдымен шараға қатысушылар мем­лекет және қоғам қайраткері, Социа­листік Еңбек ері И.Әбдікәрім­овтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.  Мұнан кейін колледж музе­йі­мен танысты. Онда оқу орнының та­рихы, тынысы, жеткен жетістігі жа­йында және әр кезеңде басқарған бас­шылары жайлы тың ақпарат ұсы­нылған.

Бұдан кейін оқу ғимаратының екін­ші қабатында орналасқан Мә­жит Өтемұратов атындағы виртуал­ды зертхананың ашылуы өтті. Кол­ледж­дің 95 жылдығымен қатар оны 2007-2015  жылдары басқарған іскер басшы Мәжит Өтемұратовтың туға­нына 80 жыл толды. Осы орайда оның ұрпақтары арнайы виртуалды тре­нажер оқу зертханасының ашылуына қатысты. Зертхана Б.Өтемұратов қо­ры­ның демеушілігімен заман тала­бы­на сай жабдықталған.

Шарада Парламент Мәжілісінің депутаты, колледж түлегі Мархабат Жайымбетов оқу ордасы, бар ғұмы­рын білім саласының дамуына арна­ған М.Өтемұратов жайында естелік айтты. Колледж директоры Абайбек Жүнісов еліміздегі арнаулы оқу орындары халықаралық салалық ак­кре­диттеуден өту талабымен жұмыс жасап жатқанына тоқталды. Облыста алғашқы болып И.Әбдікәрімов атын­дағы Қызылорда аграрлық-техни­калық жоғары колледжі энергетика ма­мандықтары бойынша АҚШ-тың Флорида штатындағы NCCER агент­тігі арқылы халықаралық салалық аккредиттеуден сәтті өткенін жеткізді. Нәтижесінде агенттік жоғары бағасын беріп, куәлігін тапсырған. Сондай-ақ М.Өтемұратов басқарған жылдары колледждің жеткен жетістігіне тоқ­талып, жарыққа шыққан жаңа кітаппен таныстырды. Білікті әрі іскер басшы туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор М.Шайдаров, са­ла ардагерлері естеліктерін бөлісті.

Колледждің материалдық-техни­калық базасымен танысқан қонақтар акт залында өткен «Кәсіптік білім беру: өзекті мәселелер мен жаңа дә­уір талаптары» атты ғылыми-прак­ти­калық конференцияға қатысты. Онда облыстық білім басқармасы бас­шысының орынбасары Әзизбек Ізім­бетов облыс әкімі Н. Нәлібаевтың құттықтау хатын табыстады. Конфе­ренцияда колледж директоры А.Жү­нісов «Erasmus+» бағдарламасы және ТжКБ саласындағы халықаралық ын­тымақтастық», Германиядан кел­ген инженер Ульрих Шперлинг «Гер­манияның кә­сіптік білім беру тәжі­рибесі және техникалық, кәсіптік білім беру жү­йесіне ықпалы», «Apec Trai­ning Center» ЖШС директоры Бөгенбай Татаев «Бо­лашақтағы кә­сіби мамандарды даярлаудың ма­ңыз­дылығы және әлеу­меттік серік­тестіктермен оқу орын­дарының ты­ғыз байланысы», облыстық кә­сіп­керлер палата­сының директоры П.Сыздық «Кадр­лық әлеует – кә­сіпкерлік пен инвес­тициялық дамудың негізгі фак­торы» атты тақырыпта баяндама жасады.

Бүгінде колледжді бітірген тү­лек­тер сан тарапта, түрлі салада абы­ройлы еңбек етіп жүр. Олар өзде­рі білім алған оқу ордасымен мақ­та­нады. Солардың бірқатары де­меу­шілік есебінен колледждің ма­те­риалдық-техникалық базасын ны­ғайту мақсатында кабинеттерді соң­ғы технологиямен жабдықтап, сту­дент­тердің сапалы білім алуына үлес қосып келеді.

  Шараның соңы «Достық үйіндегі» «Тарихта айқын таңбасы, іргелі білім ордасы» атты мерекелік кешпен қорытындыланды. Онда іргелі білім ордасының өркендеуіне, дамуына елеу­лі үлес қосып жүрген ұстаздар об­лыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен ма­рапатталды. Сондай-ақ білім беру ісіне сіңірген еңбегі үшін бірқатар аза­мат И.Әбдікәрімов атындағы Қы­зылорда аграрлық-техникалық жоға­ры колледжі медалін иеленді. Салта­натты шарада жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»