Тас қалаушы – табысты мамандық

222

0

Фото: Қала әкімдігі

Жыл сайын қаншама отбасы баспаналы болып, қоныстой тойлайды. Кейде сол қуаныштың артында қажырлы еңбек, маңдай тер тұрғанына мән бермейтініміз рас. Мұның бәрі де – құрылысшы мамандардың ерен еңбегі. Ми қайнатар ыстыққа, сарышұнақ аязға қарамай еңбек ететін оларға қандай құрмет көрсетсең де жарасады. Әсіресе, тас қалаушы – таптырмас мамандық. Құрылыс саласы қарқынды дамыған өңірлерде бұл кәсіп иесіне сұраныс жоғары. Жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар қызылордалық Амангелді Байманов құрылыс мекемелерінде тас қалаушы болып тынбай еңбек етіп келеді.

Ол бала күнінен құрылыс басында үлкендерге жәрдем етіп өсті.

– Мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Жоғары оқу орнын бітіріп, әскерге бардым. Әскерден соң келісім-шарт негізінде жұмыс істедім. Бәрібір жан қалауыңмен істейтін ісіңе ештеңе жетпейді екен. 2008 жылдан бастап жергілікті құрылыс мекемесіне жұмысқа орналасып, тас қалаушы болдым. Содан бері осы кәсіптің қыр-сырын меңгердім. Бұл – үлкен жауапкершілік, қателесуге болмайды. Үйдің іргетасы мықты, қабырғасы берік болуы керек. Сол себепті әр ісімді тиянақты атқарамын. Қолым мен көзім өлшеуіш құралға айналды. Әрбір кірпішті өз пішінінде қаламаса, еңбек еш кетеді, – дейді ол.

Амангелді бүгінде «Аман құрылыс» ЖШС мекемесінде еңбек етеді. Тас қалаушы бастаған бригада көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатын өруде. Аптасына бір рет қана демалады. Шаруаға епті, қолынан келмейтіні жоқ маман күніне 1000-1500 кірпіш қалайды.

– Қолым бос болған кез жоқ. Өзіңіз білесіз, бізде құрылыс қарқынды. Жылдан жылға қала аумағы кеңейіп келеді. Қазір Сырдария өзенінің сол жағалауы құрылыс алаңына айналды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Сондықтан құрылысшыға қай кезде де жұмыс дайын. Білсем, үйренсем деген ниеті бар жастарға бағыт-бағдар беремін. Олардың талабы қуантады. Қарапайым жұмысшы болып та табыс табуға көзі жеткендері қаншама?! Біз секілді тәжірибелі маман кейінгі буынға үйретуі керек деп санаймын. Еңбек адамының беделі қашанда биік. Уақытылы жалақы аламыз. Менің бес қызым бар. Алды 9-сынып оқушысы, соңғысы балабақшаға барады. Отбасымды осы кәсібіммен асырап келемін, – дейді ол.

Ол жұмыстың оңайы жоқ екенін айтады. Еңбек қауіпсіздігін ескеріп, сақ жүретінін жеткізді. Жоғары қабатты өру, бұрыш шығару, есік-терезе тұсын келтіру де шеберлікті талап етеді.

Қалада салынып жатқан тұрғын үйлердің көпшілігінде Аман­гелдінің қолтаңбасы бар. Ол қаншама отбасының баспаналы болуына үлес қосты, алғысын арқалады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<