Қала іргесінде орналасқан Тасбөгет кентінің орталық саябағы жанынан жаңа мешіт құрылысы бастау алды.
Бұрыннан келе жатқан «Құддыс Ишан» мешітінің жаңа ғимараты ретінде жеке кәсіпкер Мағжан Ералиевтің демеушілігімен салынатын ғибадат орнына бір мезетте мыңға жуық адам келіп, құлшылық ете алады.
Аталмыш мешіт келешекте діни рәсімдерді өткізу орны ғана емес, қала жұртшылығы қызыға қарайтын кенттің ең керемет нысанына айналуы мүмкін. Себебі, мешіт жобасы жасаларда көптеген ұсыныс-пікірлер ескерілген, дамыған елдердің үздік мешіттері зерттеліп, солардың тәжірибесі алынған, әрі ескілікті де заманауи нақыштарды да қамтитын ерекше үлгіде салынбақ.
Нысан құрылысын бастау рәсіміне ел ағалары, Қызылорда облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, кент әкімі Семсер Сыздықов, «Құддыс Ишан» мешітінің бас имамы Мұстафа Бисенов, қаланың белсенді азаматтары қатысты. Үлкендер өз баталарын беріп, арнайылап мал шалынды.
Өз кәсібін жасап, өніп-өсіп қана қоймай, елдің де қамын ойлаған демеуші азаматқа ақсақалдар шын жүректен алғысын білдірді. Кенттің кіре берісінен орын тепкелі тұрған мінәжат орны талай азаматты мейірім мен игілікке жетелеп, имандылыққа бұратыны сөзсіз екенін жеткізіп, демеушінің кәсібіне береке, жұмысына сәттілік тіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<