Өзбекстан астанасында Наурыз мейрамына орай мерекелік сейіл, концерт, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық ойындар ұйымдастырылып, тұрғындарға тәттілер таратылуда, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Мерекелік шаралар Ташкент қаласының барлық бөлігінде, атап айтқанда Anhor, Ashgabat, Central Park, Tashkent City Park, Magic city сияқты саябақтар мен басқа да жерлерде кең ауқымда өтіп жатыр.
Көшелерден естілген керней мен сырнайдың сазы мерекенің басталғанынан хабар беріп, барша тұрғынды мейрамды тойлауға шақыруда. Ал, фольклорлық-этнографиялық топтардың ән-билер арқылы бейнелеп, жеткізіп жатқан өзбек ұлты мәдениетінің қайталанбас бірегей болмысы көрермендерді баурап алады.
Сондай-ақ, мерекеге орай ұйымдастырылған қойылымдар, ұлттық костюмдер көрсетілімі, қолданбалы өнер көрмесі, балалардың көңілді билері барлығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Бұлармен қатар, Ташкентте Наурызды бай өзбек асханасының тағамдарынсыз елестету мүмкін емес. Қазанда – палау, тандырда – самса, кеседе – көк шай және көктем мерекесінің басты тағамы – сумаляк. Бұл ежелгі кезеңдерден бері бидайдан дайындалатын ұлттық ас саналады, ол үлкен қазанда бір тәулік бойы қайнатылады. Оның құрамы көктем мезгілінде әлсірейтін адам азғасына таптырмайтын дәрумендерге толы.
Наурыз бүгінгі заманға дейін құндылықтарын жоғалтпай жетіп, қазіргі дәуір мен тарихты байланыстыратын күшке айналғандай. Сондықтан өзбекстандықтар бұл күндері әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтай отырып, келер ұрпаққа табиғатпен үндестікте өмір сүру прицптерін дәріптеуге ден қояды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<