Тасқын қаупі жазықтан келеді деп күткен жоқпыз – вице-министр

433

0

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференцияда жазық даладан тасқын қаупі төнеді деп күтпегендерін айтты, деп хабарлады Қазақпарат.

Брифинг кезінде БАҚ өкілі Төтенше жағдайлар министрлігі тасқынға неге тағы дайын болмай шыққанын сұраған. Бауыржан Сыздықов әр жағдайға дер кезінде ден қойдық деп есептейтінін айтты.

«11 өңірдің 46 елді мекенінде тасқынның алды алынды. Түсініп тұрсыз ба? Су алған басқа 5 облыс туралы айтсақ, байқаған болсаңыздар, су өзендерден емес жазықтан келіп жатыр. Шынымызды айтсақ, су біз күтпеген жақтан келді. Яғни, су даладан келді. Байқаған болсаңыз, кейінгі 30 жылда судың артуы даладан туындаған жоқ болатын. Сондықтан бүгінгі таңда «Тасқынға қарсы дер кезінде ден қойдық деп айта аламыз. 46 елді мекенде судың үйлерге кіруін болдырмадық», – деді ол

Вице-министрдің пікірінше, жазықтағы қар суын тасқынға қарсы дайындық кезінде есепке алу халықаралық тәжірибеде де жоқ.

«Мені дұрыс түсінбеген шығарсыз. Тағы да қайталап айтқым келеді, осыған дейін болған тасқын жағдайлары реттелетін өзендермен байланысты тіркелді. Яғни, су қоймалары мен гидротехникалық ғимараттар бар аумақтарда орын алған. Ал даладан ағып келіп жатқан судың өзендермен қатысы жоқ. Яғни, қардың суы тұтастай даладан келіп жатыр. Бүгінгі таңда даладан келетін қардың суы ешбір елде ескерілмейді. Түсініп тұрсыз ба? Өзендерден, су қоймаларынан, бөгендерден келетін су ғана ескеріледі. Осыны түсіну керек», – деді Бауыржан Сыздықов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<