Еліміздің ұлттық құрамасында қызылордалық Еламан Ерғалиев, Мағжан Шәмшадин, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шархан сынды танымал дзюдошылар бар. Олардың барлығы – сан алуан жарыста Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүр-ген жампоздар. Кез келген балуанға мұндай мүмкіндік туа бермейді. Ұлттық құрамаға шеберлігі шыңдалған, тәжірибесі то-лысқан мықтылар іріктеліп алынады. Сондықтан ел командасында бір өңірден төрт балуанның шешуші жарыстарда сынға түсіп жүргендігі аймағымыз үшін зор мақтаныш. Бұл дзюдо спортының даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді.
Облыс құрамасының бас бапкері Қален Қалиұлы көп жылдан бері жас балуандарды шыңдап келеді. Қарапайым бапкерліктен бастаған ол – қазір өз саласында мол тәжірибе жинақтаған маман. Дзюдоның қыр-сырына қаныққысы келген жас өрендерге дұрыс бағдар беріп, олардың әбден ысылған балуан болуына дейін тынбастан тер төгеді.
– Әрбір спорт тынбай тер төгуді қажет етеді. Алдымен оны жақсы көре білуің тиіс. Еңбекқорлық қасиет ұшпаққа шығарады. Оған қоса табандылық болмаса бәрі бекер. Рас, барлық жетістік бірден келе қоймайды. Бәлкім, оны бірнеше жыл бойы күтуің ғажап емес. Қай іске де шыдамдылық қажет екенін шәкірттеріме түсіндіруге тырысамын. Айта кетейін, қазір ұлттық құрамада жүрген Еламан, Мағжан, Абылайхан, Нұрлыхан сол жолдан өтті. Қаншама жарыста бақ сынап, шеберлігін шыңдап, тәжірибесін молайтты. Кейіннен Еламан көптеген жарыста алдыңғы орыннан көрінді. Мағжан жастар арасында Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ал Абылайхан Азия ойындарында қола иеленсе, ел біріншілігінде жүлделі орыннан көрінді. Нұрлыхан Азия чемпи-онатында күміс жүлдегер атанды. Осылайша олар ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түсіп, бүгінде дүниежүзілік додаларда ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Бұл еңбек – балуандардың табандылығы. Қазір олардың ізін басып келе жатқан жас өрендерге үнемі осындай қағиданы есте сақтау қажет екенін ескертемін. Ал облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен федерация тарапынан лайықты қамқорлық көрсетіліп жүр, – дейді Қален Қалиұлы.
Абылайхан мен Нұрлыхан 2024 жылы Париж Олимпиадасында ел намысын қорғады. Дүние жүзінің әр қиы-рынан келген саңлақтар арасында жерлестеріміз сауатты белдесу өткізуге күш салды. Үздік үштікке табан тірей алмаса да олар дүбірлі додадан үлкен тәжірибе жинақтап қайтты.
Бапкердің айтуынша, облыстан ұлттық құрамаға негізінен онға тарта балуан қабылданған. Олардың 8-і ер-лер, 2-і әйелдер құрамасында бақ сынайды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Қызылордалық балуандардың бар-лығында 2028 жылғы жазғы Олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігі бар.
Әлемде дзюдо жоғары қарқында дамып келеді. Жапон жұртынан бастау алған спорт түрінен қазір барлық мемлекет жастарды дайындап жүр. Тіпті бұл көптеген спорт түрлеріне қарағанда әлдеқайда алда тұр. Оны ха-лықаралық жарыстарға барған сәтте байқау қиынға соға қоймайды.
– Әрине, әрбір қарсыласқа тыңғылықты дайындық керек. Әйтпесе, қапы қалуың әбден мүмкін. Ертеректе дзюдо спорты кенже дамыған елдердің өзі қазір талай мықтыларды шығарып жатыр. Мына дерекке көз сала кет-сек, мәселен, Әлем чемпионатында 144 мемлекеттен балуандар бақ сынайды. Дүние жүзінде «Grand Slam» және гран-при турнирлері өтеді. Қай кезде де бәсекелестік өте жоғары. Соған қарамастан қазақстандық балуандар жүлдесіз қайтқан емес. Олардың қатарында шәкірттерім Абылайхан мен Нұрлыханның да болуы қуантады. Әзірге, әлемде Жапония көшбасшылық деңгейінен төмен түсіп көрген жоқ, – дейді тәжірибелі маман бізбен әңгімесінде.
Дзюдодан ел біріншілігінің өзі аса тартысты өтіп жүр. Өйткені, қай өңірде де спорттың бұл түріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жарыстың аты жарыс, тіпті кейде тісқаққан балуандардың өзін жығып кететін жас талант-тардың талпынысы дзюдоның жаңа дәуірі туғанын көрсетеді.
– Расын айтайық, кейбір спорт түрлері мұндай деңгейде қанатын кеңге жая қойған жоқ деп ойлаймын. Об-лыс орталықтарын былай қойғанның өзінде, ол аудан мен ауылда да қарқын ала бастады. Бұл бізді қуантады. Балуандар саны көп болса, бәсекелестік те артады. Олардың арасынан талантты спортшылар шығып жатса құба-құп. Осы орайда шәкірттер дайындау мәселесінде еселі еңбек етіп жүрген әріптестерімнің жұмысын жоғары бағалаймын. Үйірмеге жаңа келген жас өренге дзюдо әліппесін үйретіп, одан талантты балуандар тәрбиелеп шығару оңай емес. Асқан қажырлықты, сабырлықты, жауапкершілікті талап етеді. Сол жолда уақытпен са-наспай тер төгіп жүрген бапкерлер түбінде жоғары нәтижеге қол жеткізе алады. Қазір облыста келешегінен үлкен үміт күттіретін жастардың өсіп келе жатқандығы қандай ғажап, – деді Қален Қалиұлы.
Қазақстандық дзюдошыларды алдағы екі жылда маңызды жарыстар күтіп тұр. Олар әлемдік және құрлықтық біріншіліктерге қатысады. Қыркүйек айында Азия ойындары өтеді. Екі жылдан кейін жазғы Олимпиада. Біздің балуандарды осындай шешуші сындар күтіп тұр.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





