Тауарлардың ұлттық базасы құрылады

32

0

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов пен Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов келер жылы қаңтардан бастап іске қосылатын Тауарлардың ұлттық каталогы жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Тауарлардың ұлттық каталогы (ТҰК) мемлекеттік органдар мен бизнес пайдаланатын кез кел­ген өнім туралы ақпараттың орталықтандырылған және сенімді көзіне айналады. ТҰК енгізу түрлі ведомстволар мен ұйымдардағы көптеген сан алуан анықтамалықты алмастырып, тауарларды си­пат­тау мен сәйкестендірудің бірың­ғай мемлекеттік стандартын қам­тамасыз етеді.

– Бүгінде елімізде әртүрлі рәсім­дерде қолданылып келе жат­қан көптеген анықтамалық пен каталогтар бар – мемлекеттік сатып алуда, кеден саласы мен таңбалау ісінде, статистикада, чек шығару және т.б. Бұл мәселені шешу үшін Тауарлардың ұлттық каталогын құруды қолға алдық. Ұлттық ка­талог GTIN/NTIN бірегей код­тары арқылы тауарларды түп­кілікті сәй­кестендіруді қамтамасыз етіп, бар­лық негізгі процеске: көтерме және бөлшек саудаға, кедендік дек­лара­цияларға, чек­терге, электрон­ды сауда алаң­дарына, бюд­­жетті жоспарлау мен атқаруға және т.б. жүйелерге қосыл­ған дерек­тердің үлгілі көзіне айналады, – деді Әсет Нұрланұлы.

Бұл ретте Қаржы вице-министрі біртұтас базаны енгізу тауар­лардың бағасына әсер етпейтінін жеткізді. Себебі тауар карталарын тіркеу мен NTIN кодын беру процедурасы тегін. Сауда-саттық тоқтатылмайды – NTIN коды жоқ өнімге автоматты түрде уақытша XTIN коды беріледі, оны бір ай ішінде NTIN-ге ауыстыру қажет.

Мұнай өңдеу көлемі артады

Мұнай өңдеу көлемі жылына 39 млн тоннаға жеткізіледі. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, – деп хабарлайды Kazinform.

– Мұнай-газ саласындағы не­гізгі оқиға ретінде «Теңіз» кен орнын­дағы Болашақ кеңейту жоба­сының толық аяқталуын атап өтуге болады. Үшінші буын зауытының іске қосылуы жыл сайын мұнай өндіру көлемін 12 млн тоннаға арттырып, ұлттық экономика үшін экспорттық валюталық түсімнің тұрақты және ұзақмерзімді көзін қамтамасыз етеді. Ішкі нарықты реттеу мақсатында біз батыл қадам­дарға бардық. Бағаны әкімшілік жол­­мен белгілеуден бас тартылып, Президенттің либерализациялау жө­­ніндегі Жарлығына сәйкес на­рық­тық механизмдерге көштік. Бұл шаралар саланы жүйелі қал­пына келтіру үдерісін бастауға мүмкіндік беріп, ішкі нарықты отынмен тұрақты қам­тамасыз етуге және тапшылық туын­дау қаупін жоюға жол ашты, – деді министр БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Оның айтуынша, мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамы­тудың нақты өндірістік бағдары бекітілді. Жұмыс қуаттылықты арт­тыру, өнім сапасын жақсарту және ғылыми негізделген техно­логияларды енгізу сынды негізгі үш қағидатқа сүйенеді.

Ақпарат көздерінен