Бүгін «AMANAT» партиясының бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Қазалы ауданында кезекті рет ұйымдастырылды. Қоғамдық маңызы зор шараға аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, партия филиалының қызметкерлері және белсенді азаматтар қатысып, жалпы саны 30-дан астам адам жұмылдырылды.
Акция барысында қатысушылар Әйтеке би кентінде орналасқан Жанқожа батыр кесенесінің аумағын қардан тазартты. Нәтижесінде жарты тоннадан аса қар шығарылып, келушілерге арналған жолдар ашылды.
Шара барысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Күншығар Әбілов экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, белсенділік танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Тазалық – тек бір күндік акция емес, ол әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау арқылы біз болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз мекен қалдырамыз. Осындай игі істерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жүрген партияластарымыздың еңбегі зор. Ортақ іске деген ұйымшылдық пен жауапкершілік нақты нәтижеге жол ашады», – деді ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында қолға алынған «Таза бейсенбі» акциясы 2024 жылы бастау алды. Осы уақыт аралығында Қазалы ауданында аталған акция 11 рет ұйымдастырылып, 500-ден астам адам қатысқан. Нәтижесінде 15 тонна тұрмыстық қалдық арнайы орынға шығарылды.






