«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

9

0

Фото: Қазалы ауданы

Бүгін Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерде өткен сенбілікке мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, еріктілер және аудан тұрғындары белсене қатысып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосты.

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиевпен бірге аудан орталығындағы тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға жиналған қоқыс қалдықтарын арнайы орындарға уақытылы шығару, санитарлық тазалықты жүйелі түрде жүргізу, қыс бойы қар астында қалған қалдықтар мен қураған шөптерді толық тазарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, ортақ іске белсенді қатысқан тұрғындарға алғысын да білдірді.

Әйтеке би кентіндегі жүргізілген тазалық жұмыстары барысында кенттегі Т.Бөріқұлақов көшесінің бойындағы жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлердің аумақтарына, Әйтеке би кентіне кіре берістен бастап Бигбен сағаты мен «Алтын көпірге» дейінгі аралықтағы аумақтарға басымдық берілді.

Жалпы, аудан көлемінде жүргізілген тазалық жұмыстары барысында жиналған қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.

Тазалық – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан барша аудан тұрғындарын қоршаған ортаны ластамауға, қоқысты бей-берекет тастамауға және тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырамыз. Туған жердің тазалығы – әрқайсымыздың қолымызда!

Қазалы ауданы әкімдігі