«Таза Қазақстан»: «Бұл – біздің өмір салтымыз»

54

0

Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыру – мемлекет саясатының маңызды бағыты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы бүгінде бүкіл ел көлемінде кең қолдау тауып, игі нәтижесін беріп келеді. Бұл бастама Сыр өңірінде жүйелі түрде жүзеге асып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге және табиғатты аялауға бағытталған нақты жобалармен жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деген болатын.

Енді бағдарлама аясында атқарылған бірқатар жобаға тоқталсақ, 2024 жылы «Қазақстан-Корея» бизнес форумы аясында облыс әкімдігі мен кореялық «With you E&C» компаниясы арасында Қызылордада жылына 300 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату зауытын салу бойынша меморандумға қол қойылды. Жоба «With you E&C» компаниясының 37 млрд 800 млн теңге инвес­тициясы арқылы қаржыландырылады. Үш кезең бойынша іске асырылады. Зауыт құрылысы 2026 жылы басталады.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, сұрыптау және өңдеу бағытында «Жасыл даму» АҚ 98 млрд 700 млн теңгеге 9 жоба іске асырылады. Соның бүгінгі күні Жаңақорған ауданындағы сұрыптау кешенін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек Сырдария ауданында сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды. Тағы екі полигон жобасы әзірленуде.

Ауылдарда қолайлы орта қалыптастыру және тұрғындарды тазалыққа ынталандыру үшін жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Кейінгі жылдары жобаға 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.  Бұл – облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тың идеясы.

Демалыс орындары, ойын, спорт және орталық алаңдар қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде. Кейінгі жылдары демеушілер және бюджет қаражаты есебінен Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. Бүгінгі таңда қала аумағында 42 саябақ пен демалыс паркі бар. Нысандарды таза ұстау үшін «Тазалық патрулі» қозғалысы белсенділік танытып келеді.

Жақында өзгеше кейіпте толығымен қайта жаң­ғыр­тылып, жаңадан са­лынған Президент паркі пайда­лануға бері­ліп, ха­лық­тың қуанышы еселенді. Жаңа саябақ аумағына заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, стритбол, баскетбол, футбол алаңдары, workout, демалыс аймақтары, фудкорттар, теннис үстелдері, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатылған. Жалпы 31 гектарға 2 мыңнан астам ағаш, 100 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді. Сондай-ақ саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар ірі жоба қолға алынды. Мәселен, 6 гектар жерге 300 орындық заманауи балалар лагері, 2,4 гектарға Ботаникалық бақ салынуда.

Бұдан бөлек, өңірде біркелкі дизайн код бекітіліп, облыс орталығынан бастап барлық елді мекен бірегей архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді. Қызылорда қаласында 2 млрд 905 млн теңгеге 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, 900 млн теңгеге қосымша 21 тұрғын үй жаңғыр­тылу­да. Өткен жылы 1 млрд 300 млн теңгеге 20 көп­­қабатты тұрғын үйдің аула­ларына балалар ойын, спорт алаңдары са­лы­нып, абаттандырылды.

Қуантарлық жаңалықтың бірі аймаққа былтыр 212 278 турист келіп, көрсеткіш 25,4 пайызға өсті. Осы ретте тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен «Қорқыт Ата әуежайында» туристерге арналған виртуалды карта әзірленіп, QR кодтар орнатылды. Экскурсияға келушілерге жаңа­дан салынған, тарихи мәлі­мет­тер­мен толықтырылған заманауи музей қызмет көрсетеді.

Өңірдегі демалыс парктері жаңартылып, туристерге қолайлы әрі қауіпсіз болуы үшін барлық жағдай жасалды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға 102 және SOS батырмаларының 15 құрылғысы орнатылды. Ту­ристік инфрақұрылымды дамыту аясында халық­аралық деңгейдегі бесжұлдызды қонақүй, IBIS Qyzylorda және Pana қонақүйлері бой көтеріп, аудан орта­лық­тардағы теміржол вокзал­дары қайта жаңғыртылуда.

Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық бағ­дарламасы аясында осындай байыпты қадам жасалып, жалғасын табуда.

Мемлекет басшысы «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы» деген болатын. Демек табиғатты аялау әрқайсысымыздың ортақ міндетіміз екенін ұмытпайық.

Сара АДАЙБАЕВА,

 «Сыр бойы»