«Таза Қазақстан» эко акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді

82

0

Фото: «AMANAT» партиясы

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты, Қызылорда медициналық жоғары колледжі мен Қызылорда облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп, Сырдария өзенінен Қызылорда қаласы сол жағалауына өтетін аспалы көпір және өзен жағасына тазалық жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастырушылар тазылық пен қатар вандализм мен есірткіге қарсы бүлінген және жарнама жазылған қабырғалардағы жазуларды өшірді.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысты. Ол «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен «Есірткіге жол жоқ», «Вандализмге жол жоқ» акцияларының маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды тазалық мәдениетін сақтауға, жастарды бұрыс қылықтардан қашық болуға шақырды.

Мұнан соң облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Темірхан Ахмет сөз алып, қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұрған жастар арасындағы мәселелерді баяндап, осы бағытта басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті.

Тазалық шарасына 70 ке жуық ерікті қатысты. Олар аспалы көпір астындағы Сырдария өзенінің жағасына тазалық жұмыстарын жүргізіп, граффити жазбаларын жою бойынша жұмыстар жасады.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының аймақтық және аумақтық филиалдары Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» эко акциясына қолдау мақсатында әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясын ұйымдастырып келеді. Жыл басынан бері «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен тарихи, мәдени, табиғи мұраларды сақтауға бағытталған «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында ескерткіштермен табиғи қорықтарды тазарту бойынша 40-тан астам іс-шара өткізілді. Аталған акцияға мәслихат депутаттары, облыстық партия төрағасы, қоғамдық пікір көшбасшылары, журналисттер мен блогерлер және 800-ден астам белсенді жастар ат салысты. Сонымен қатар «Есірткіге жол жоқ!» акциясы негізінде жастар түрлі форматтағы кездесу жиындары мен тексеріс жұмыстарын жүргізді. Белсенділер синтетикалық есірткі құралдарын сатып алуға арналған жарнама графитилеріне қала көлемінде рейд жүргізіп, арнайы мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырды.