«Таза Қазақстан» мызғымас ұстанымға айналды

2

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде орман дақылдарын отырғызуға, өңірлік экологиялық саммитке дайындық, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, «Таза Қазақстан» тұжы­рымдамасын іске асыруда атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.

– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» рес­пуб­­ликалық экологиялық бағдар­ла­ма­сы аясында өңірімізде санитарлық та­за­лық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау ба­­ғы­тында кешенді жұмыстар ат­қары­луда.

Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіп­керлердің демеушілігімен демалыс орындары, ойын, спорт және орталық алаңдар қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар зама­науи үлгіде жөндеуден өткізілуде.

Соңғы жылдары демеушілер және бюджет қаражаты есебінен Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді.

Күні кеше 14 млрд 900 млн теңгеге қайта салынған Президент саябағы ашылды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Еске салсақ, 2024 жылы «Қазақстан-Корея» бизнес форумы аясында облыс әкімдігі мен кореялық With you E&C компаниясы арасында Қызылорда қа­ла­сында жылына 300 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату зауытын салу бойынша меморандумға қол қойылды.

Жоба With you E&C компаниясы­ның 37 млрд 800 млн теңге инвес­ти­циясы арқылы қаржыландырылады, үш кезеңде іске асырылады.

Бірінші кезеңде қолданыстағы по­ли­­гон 7 млрд 500 млн теңгеге жаң­ғыртылып, қалдықтарды сұрыптайтын заманауи кешен салынады. Бұл поли­гонның қабылдау қуаттылығын жы­лына 60 мың тоннадан 300 мың тон­наға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сұрыпталған қалдықтар басқа өндірістерді шикізатпен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, пластикалық тұр­мыстық, алюминий бұйымдары, қағаз және картон.

Екінші кезеңде 10 МВт-тан астам электр энергиясын өндіретін қоқыс өртеу зауыты салынады. Үшінші кезең­де жыл бойы өнім беретін жылы­жай салу жоспарлануда.

Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Белкөл» кенті аумағынан 4 гектар жер учаскесі берілді. Қар­жы­ландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жүргізілуде. Зауыт құрылысы 2026 жылдың сәуір айында басталады, іске қосылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны құрылады.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, сұрыптау және өңдеу бағы­тында «Жасыл даму» АҚ 98 млрд 700 млн теңгеге қаржыландырған 9 жоба бар. Жаңақорған ауданындағы сұрып­тау кешенін іске қосу жұмыстары жүр­гізілуде. Сонымен қатар, облыстық бюд­жет есебінен 475 млн теңгеге Сыр­дария ауданында сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар поли­гоны салынды. Тағы екі полигон жо­басы әзірленіп, мемлекеттік сарап­тама­дан өтіп, қаржыландыруға ұсынылды.

Айта кетейік, ауылдарда қолайлы орта қалыптастыру және тұрғындарды тазалыққа ынталандыру үшін жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Соңғы үш жылда жобаға 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік елді мекендерге 67 арнайы техника табыс­талды.