«Таза Қазақстан»: Тұрғындар үшін қауіпсіз, таза және жайлы орта қалыптастыру

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Рауан Рақымбеков, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Қазақстан Республикасы өңірлік дамуының 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы», туризмді дамыту мәселелері жөніндегі кеңес қорытындысында берілген және қалалардың сыртқы келбеті жөніндегі тапсырмалардың орындалуы талқыланды.

Сонымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру, орман қорына 2 млрд, елді мекендерге 15 млн. көшет отырғызу барысы қаралды.

Мәжілістен кейін өткен жиналыста осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет «Өңірлік дамудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті.

Тұжырымдама географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарына қарай өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуді, халықты базалық инфрақұрылыммен қамтуды көздейді. Қалада жайлы орта қалыптастыруға, аймақтардағы теңгерімсіздіктерді жоюға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және экономиканың салалық ерекшеліктерін дамытуға бағытталған.

Бүгінде тұжырымдама аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру үшін түрлі шаралар атқарылуда. Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысты сапалы әрі мерзімінде іске асыру керек.

Өңірдегі туристік аймақтарды, демалыс орындары мен жол бойындағы сервистік нысандарды талапқа сәйкестендіріп, қызмет көрсету сапасын тұрақты бақылауда ұстаңыздар. «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрғындар үшін қауіпсіз, таза және жайлы орта қалыптастыру. Бұл жұмыстарға қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен мекеме басшылары, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері де атсалысуы қажет», – деді Данияр Еренғалиұлы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысында 2021-2025 жылдарға арналған жоспар толық орындалып, 958,8 мың ағаш егілді. Бұл жұмыстар аймақ басшысының бастамасымен жалғасуда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының кіреберісіне 7 мың, әуежай аумағына 4 мыңнан астам алма ағашы егілді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көгалдандыруға 18 млрд теңге бөлініп, жыл сайын 14 мыңнан астам ағаш отырғызылады. Жалпы 2025-2030 жылдары 71,5 мың ағаш, 658,6 мың шаршы метр жасыл аймақ және 428,4 мыңнан астам гүлзар отырғызу жоспарланған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі